Сыр диқандары су тапшылығын сезініп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр диқандары су тапшылығын сезініп отыр

13.06.2018

Қазалы, Жаңақорған ауданының күріш егістіктеріне қазір де су жетпей жатыр. Алдағы екі айда алқаптарға қажетті мөлшерде су жеткізілмесе, диқандар мол өнімнен қағыламыз деп алаңдаулы.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Сұлу Сырдың қазіргі сиқы мынау. Өзен арнасы жоғалып барады. Мемлекетаралық келісім бойынша, маусым айында Қызылорда облысы аумағынан секундына 400 текше метр су өтуі тиіс болатын. Ал, қазір Шардара су қоймасынан төменге қарай секундына 102 текше метр ғана су құйылып жатыр. Яғни, бұл болжанған көлемнен 4 есе аз, ал былтыр дәл осы уақытпен салыстырғанда 6 есеге төмен.   

Жаңақорған ауданының Келінтөбе ауылындағы «Ынтымақ» шаруашылығы биыл 108 гектар жерге күріш екті. Судың жетіспеуінен серіктестік шығынға ұшырауы мүмкін. Бұл тек «Ынтымаққа» қатысты емес, облыс бойынша егілген егістің 15 пайызын жоғалтып алу қаупі бар.

Серік Қожаниязов, облыс әкімінің орынбасары:

- Жаңақорған ауданында 1800 гектардан астам егістік судың тапшылығын сезініп отыр.

Қазір  Шардара мен Көксарайда 4,7 млрд. текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 миллиард текше метрге кем. Бір ай бұрын облыс  әкімдігінің ұсынысымен Қызылорда қаласында мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы өткен болатын. Сол кездесудегі келісім бойынша бекітілген кестеге сәйкес Шардара су қоймасына мамыр айында орта есеппен секундына 550 текше метр су құю белгіленсе, соның жартысы ғана орындалды. Енді су қоймасына кем дегенде секундына  200-300 текше метр су жіберуге қатысты келіссөздер жүруде. 

Жұмахан Нұрсейітов, Арал-Сырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары:

- Тоқтағұлда 16 миллиард текше метр су тұр. Төменге қарай жіберіп жатқаны өте аз. Тез арада шешілмесе, қиын болады. Өйткені, Тоқтағұлдан шыққан судың бері қарай Қызылордаға жетуіне 20 күндей уақыт керек. 

Өңірде су жеткізуші каналдар бойынша суды кезекпен берудің тәртібі белгіленді. Магистральдық қашыртқылардың каналдармен қиылысқан жеріне су тартатын сорғыштар қойылуда. Арнайы жұмыс тобы жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу