Өмірге құштар жеткіншек Әділхан Қыпшақов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өмірге құштар жеткіншек Әділхан Қыпшақов

12.06.2018

Павлодар облысының Қашыр ауданы Песчанное ауылында ерекше қайсар бала тұрады. 12 жастағы Әділхан Қыпшақов аяқ-қолсыз туған, соған қарамастан өмірге аса құштар жеткіншек өзінің талабының арқасында қатар құрбыларының алды болып жүр. Сурет салады, ән айтады, тілге шешен.

Әділхан Қыпшақов туабітті кеселге шалдыққан. Аяқ-қолы жоқ. Он жасқа толғанға дейін Әділхан Оңтүстік Қазақстандағы арнайы интернатта оқыды. Алайда, баланың өмірге деген құштарлығын, оқу үлгерімін, талантын байқаған ата-анасы оны арнайы мекемеден алып кетіп, орта мектепке оқуға берді. Айналасы екі жыл ішінде Әділхан оқу озаты, қоғамдық жұмыста нағыз белсенді ретінде танылды.

Әділхан ән айтып қана қоймайды, қылқаламды да жанына серік еткен. Салған суреттерін топтастырып, мектепте жеке көрмесін өткізді.

Нәзигүл Әліпова, Песчанное ауылындағы №2 мектеп директоры:

- Өмірге еш өкініші жоқ. Сол балаға қарап, түгел жағдайды жасаймыз. Аудандық сайыстардың барлығына қатысады. Қазір мәнерлеп оқуға қатысып жүр. 7-сыныпқа көшті.

Қашыр ауданының әкімі ерекше талантты оқушыға басқару жүйесі автоматтандырылған арба сыйлады. Ескі арбамен Әділхан мектептің екінші қабатына көтеріле алмайтын, енді жүріп-тұруы жеңілдеді. Әділханның ендігі арманы музыкалық аспапты меңгеріп, ән салу. Әсіресе, пианинода ойнауды армандайды.

Әділхан Қыпшақов, Песчанное ауылындағы №2 мектептің 7-сынып оқушысы:

- Қазіргі арманым актер болу. Фильмдерге түскім келеді. 

Мектепте арбалы адамға арналған пандус, қоңырау түймесі, жеке кураторға дейін бар. Қыста үйінен арнайы көлікпен келеді.

Галина Қыпшақова, Әділханның анасы:

- Орындалмайтын арман жоқ екен. Соған көзім жетті. Ұлым көшеде жолбасшысыз өзі жеке жүреді. Содан бері оның бойында болашаққа деген сенім пайда болды. Өмірге деген талпынысы ерекше.

Әділханның арманы көп. Ол он екі мүшесі сау адамның қолынан келмейтін күрделі шаруаларды тындырғысы келеді. «Еңбек адамды шыңдайды», - дейді қайсар бала.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу