Ресейде өтетін Әлем чемпионатына барған шетелдіктер 3 күннің ішінде тіркеліп үлгеруі қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде өтетін Әлем чемпионатына барған шетелдіктер 3 күннің ішінде тіркеліп үлгеруі қажет

11.06.2018

Футболдан Әлем чемпионаты өтетін Ресейдің 11 қаласында енді шетелдіктерді, соның ішінде Қазақстан азаматтарын да тіркеу тәртібі күшейді. Яғни, енді байрақты доданы тамашалауға келген меймандар 3 күннің ішінде міндетті түрде уақытша тіркеуге тұруы тиіс. Биылғы жылдың 25 мамырынан бастап күшіне енген бұл талап 25 шілдеге дейін сақталады. Сондықтан, Ресейдің Ішкі істер министрлігі де, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі де, біздің азаматтарымызды бұл ережені мүлтіксіз орындауға шақырып отыр.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Мәскеу қаласындағы 4 бірдей халықаралық әуежайдың ішіндегі ең үлкені әрі Қазақстан азаматтары жиі келіп-кететіні Шереметьево әуежайы. Бұл жерден біздің еліміздегі 9 қалаға күнделікті 10-нан аса рейс қатынайды. Сондықтан, Мәскеу қаласына келіп, футболдан Әлем чемпионатын тамашалағысы келетін отандық жанкүйерлер мен туристердің басым көпшілігі өз сапарын дәл осы жерден бастайды деген сөз.

Ресейдегі Әлем чемпионатына елімізден 4,5 мың адам келуі тиіс. Себебі, осынша Қазақстан азаматы арнайы сайт арқылы жанкүйер төлқұжатын рәсімдеген. Бұдан бөлек, өз шаруасымен келетін отандастарымыз бар. Солардың бірі - алматылық Сұңқар Дінмұхамед. Мәскеуге әлем біріншілігі қарсаңында жеткен жерлесіміз жаңа ережеден хабардар.

Сұңқар Дінмұхамед, турист:

- Мен Мәскеуге бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Бұрындары 4-5 күнге келгенде тіркеу туралы мүлде ойланбайтынмын. Ал, қазір футболдан Әлем чемпионаты өтіп жатқаннан кейін 3 күннің ішінде тіркелу қажет екен. Бірақ, мен қонақүйге бара жатқандықтан, сол жердің қызметкерлері барлық құжаттарымды жөндейді екен. Сонысы жақсы болды, тіркеу деп басымды қатырмаймын. Ал, жалпы тіркелу туралы Елшіліктің сайтынан оқып алдым. 

Расында да, Сұңқардың жолы болды. Себебі, қонақүйге бара сала, қолма-қол тіркеуден өтеді. Егер пәтер жалдаса, болмаса таныстарының үйіне тоқтаса, уақытша тіркелу үшін миграциялық қызметке немесе көпфункционалды орталыққа өзі барар еді. Біздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін бұл мекемеде чемпионат аяқталғанша демалыссыз, үзіліссіз құжат рәсімдеуге болады.

Антон Гусев, РФ Ішкі істер министрлігі Халықаралық шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басқарма бастығының бірінші орынбасары:

- Егер шетелдік азамат қонақүй, санаторийге емес, жеке секторға келетін болса, қай жерде тұрады сол мекенжай бойынша өз бетімен тіркелуге міндетті. Ол үшін пәтердің иесін ертіп, миграциялық органдарда барады да, сол жерде тиісті құжаттарды толтырады. Өйтпеген жағдайда, бірінші кезекте пәтердің қожайыны жауапқа тартылады.Шетелдік азаматқа да айыппұл салынады, тіпті, ол Ресей аумағынан аластатылуы мүмкін. 

3 күннің ішінде тіркелу - уақытша талап және оның чемпионат өтетін шаһарларға ғана қатысы бар. Ал, 25 шілдеден бастап, бәрі қаз-қалпына түседі. Яғни, қазақстандықтар бұрынғыдай 30 күн бойы тіркеусіз, емін-еркін жүреді.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу