Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор мән береді – Қ.Әбдірахманов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор мән береді – Қ.Әбдірахманов

11.06.2018

Бүгін Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті.

Алқалы жиында Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты алты мемлекетті алаңдатқан ортақ мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, осы елдер арасындағы заңсыз есірткі айналымы, заңсыз көші-қон, ақпараттық және киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл түрлерін бірігіп жетілдіру жұмыстары қаралды. Ұйым шеңберінде коалициялық және өңірлік негіздегі топтасуларды, бітімгершілік күштерді, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің әскери дайындығын дамыту тетіктері жүйеленді. Ал, басқосуда сөз алған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жоғары деңгейде жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Қазақстан қай кезде де халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор мән береді.  Өйткені, бұл тек Орталық Азия өңірі үшін емес, барлық дүниежүзілік қоғамдастық үшін өзекті мәселе. Бүгін біз өңірлік қауіпсіздікті күшейту, ұжымдық тұрақтылықты нығайту бойынша бірнеше маңызды мәселені бірігіп талқылап, ортақ шешімдерге келдік. Бұл шешімдер мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғауға зор ықпал етеді деп ойлаймын.

Амангелді СЕЙІТХАН    

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу