Бетпақ далаға 1 мың дуадақ жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бетпақ далаға 1 мың дуадақ жіберілді

08.06.2018

«Қызыл кітапқа» енген ен даланың еркін құсы дуадақтың қанаты қатайған мың балапаны еліміздің Бетпақ даласына еркіндікке жіберілді. Бұл құстар Араб Әмірлігіндегі арнайы тұқымбақта осыдан 3-4 ай бұрын жұмыртқа жарып шыққан. Сол жердің табиғатына бейімделген қанаттылар Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы ұшақпен жеткізілді. Енді олардың қорық аумағындағы тіршілігі мамандардың жіті бақылауында болады. 

Бұл дуадақтың «джек» деп аталатын түрі. Олар негізінен Орта Азияның шөлейтті аймақтарын мекендейді. Сондай-ақ, еліміздің оңтүстігінің табиғатына да тез бой үйретеді. Сауд Арабиясындағы арнайы тұқымбақта өсірілген құстардың бір легі бүгін еркіндікке жіберілді.

Құстардың барлығының аяғында сақина бар. Онда дуадақтардың қай тұқымбақта өсірілгені, табиғатқа қашан жіберілгені секілді деректер жинақталған. Бұл олардың тіршілік ету ортасы туралы мәлімет жинақтауға және соның негізінде ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Нұрлан Әбдіраманов, Жануарлар дүниесін қорғау қызметінің басшысы:

- Біздің негізгі мақсат - браконьерлерді құрықтап, жазалау емес, ондай тағылыққа мүлдем жол бермеу. Мамандардың қырағылығы арқасында табиғаттағы дуадақтар саны жыл санап өсіп келеді. Бастапқыда небәрі 30-40 пайызы түзге бой үйретіп, тіршілік етіп кететін. Бүгінде құстардың 60-70 пайызы тірі қалады және бейімделген ортасына қайта оралып келеді.

Саны азайып кеткен құсты қолдан көбейту Қазақстан мен Араб Әмірлігінің бірлескен жобасы. Соңғы он жылдың ішінде 11 мыңнан астам дуадақ  ұшырылған.

Сәкен Ділдахан, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Жыл сайынғы санақ нәтижесі бойынша «Қызыл кітаптың» өз категориялары бар. 2000 жылдардан бері мұның көрсеткіші орташа қауіпті деңгейге жетті. Яғни, болашақта «Қызыл кітаптан» шығып қалуы да мүмкін. 

Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында салынған арнайы тұқымбақта қазір 3 мыңға тарта керім құс тіршілік етеді. Олар жылда екі мыңға тарта балапан басып шығады. Мұндай тұқымбақ тағы Марокко мен Сауд Арабиясында да бар. Осындай қамқорлықтың арқасында бүгінде табиғаттағы дуадақтардың саны 50 есеге көбейіп отыр.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу