Анасымен бірге 9 жыл құлдықта болған қыздан туыстары бас тартқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анасымен бірге 9 жыл құлдықта болған қыздан туыстары бас тартқан

07.06.2018

Қазір 11 жастағы Ділнәз Ташкенбаеваны 2009 жылы анасымен бірге бейтаныс жандар ұрлап кетіп, ұзақ уақыт құлдықта ұстаған. Қыздың айтуынша, белгісіз фермада шешесі екеуінің көрмегені жоқ. Зорлық-зомбылық көріп, күнде таяққа жығылған олар талай рет қашуға талпынғанымен, реті келмеген екен. Ол аз болғандай, тағдыр тауқыметін тартқан қаршадай қыздан анасы да бас тартыпты.

Ділнәз анасымен бірге 2009 жылы жоғалған. Оның айтуынша, олар сол уақытта Шелек ауылында тұрып жатқан. Анасы Ділнәзді алып серуендеуге шыққанда, базбіреулер оларды көлікке күштеп салып, ұрлап кеткен.

Кішкентай қызды қыстың қақаған суығында сарайда жатқан жерінен ағасы тауып алып үйіне әкеліпті. Бірақ, өздері күндерін әрең көріп отырған олардың да жағдайы қиын. Отағасы Әбдусәмет Заитовтың әр жерге жалданып тапқан тиын-тебені 4 баласынан артылмайды. Қазір бесінші болып Ділнәз қосылды. «Бауырымыз болған соң тастап кету де қиын», - дейді олар.

Жанар Кенжебекқызы, Ділнәздің жеңгесі:

-Енді біздің жағдайымыз мүшкіл. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, бес баламен еш жерге алмайды. Халыққа айтарым, материалдық жағынан да, басқа жағынан да көмек көрсетсе деймін.

Лаура Қуанышқызы, тілші:

-Дәл қазір Ділнәз мына жұпыны, тар, бір бөлмелі тамда туғандарымен бірге тұрып жатыр. Алайда, әпкесі мен ағасының да 4 баласы бар. Балалардың шуына шыдамаған пәтер иесі жақында тамды босатыңдар деген көрінеді.

Белгісіз біреулердің құрбаны болған бала мектепке де бармаған. Ағасы құзырлы органдарды жағалап жүріп Талғар ауылдық округіне қарасты әлеуметтік жағдайы төмен балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырыпты. Ал, Ділнәзді ресми түрде ағасының қарамағында қалдыру үшін анасы Наргиз Ташкенбаеваның құжаттары керек.

Ақмарал Манасбаева, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің балалар құқығын қорғау және қорғаншылық секторының меңгерушісі:

-Біз өзіміздің тарапымыздан Көші-қон басқармасына сұраныс бердік. Ол жерден алынған жауап негізінде ҚР-ның азаматтығы жоқ екендігі анықталды. Сол себептен, біз Өзбекстан елшілігіне сұраныс жібердік.

Бізге мәлім болғандай, Ділнәздің анасы көрші ауылда тұрады. Ағасының айтуынша, құжаттары дұрыс емес және жағдайы қиын болған соң қолхат арқылы қызынан өз еркімен бас тартыпты.

Көбейхан Нұрахмет,облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:

-Қазіргі кезде интернет жүйесінде анықталған факт бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Анықталған факт ресми түрде Еңбекшіқазақ Ішкі істер басқармасында тіркелген. Өткізіліп жатқан тергеу барысында осы факт бойынша бар мән-жай анықталады.

Ділнәз бойжеткенде әнші болуды армандайды. Қазір жақындарын тауып, қауышқанына қуанышты. Ал, құзырлы органдар бұл оқиға бойынша іс қозғалды деп отыр.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ               

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу