Атырауда «Қайырымдылық жасауға асық» акциясы аясында 300-ге жуық отбасыға көмек көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда «Қайырымдылық жасауға асық» акциясы аясында 300-ге жуық отбасыға көмек көрсетілді

07.06.2018

Атырауда 300-ге жуық отбасыға көмек көрсетілді. Игі бастама облыстағы орталық мешіттің мұрындық болуымен өтті. Сауабы мол шара «Қайырымдылық жасауға асық» акциясы барысында қолға алынып, Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылды.

Атырау қаласына қарасты Береке ауылының тұрғыны Гүлфарида Қайыралиева талма ауруына шалдыққан. Аядай бөлмені паналап отырған ол «ішер астан бөлек, дәрі-дәрмек алуға қаржы тапшы», - дейді. Мешіттен жеткен көмекке ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Гүлфарида Қайыралиева,  тұрғын:

- Жұмысқа жарамсыз болып қалдым. Содан осындай жағдайдамыз. Қайнағамның үйінде тұрып жатырмыз. Өзімізде үй жоқ. Келіп жатқан көмекке өте ризамыз.

Қайырымдылық акциясы кезінде орталық мешіт ауласына да мұқтаж жандар көп жиналды. Арнайы тізімге жазылғандарға азық-түлік пен қатар қаржылай көмек көрсетілді.

Батыржан Мансұров, Атырау облыстық  «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы:

- Қазір тіркелген кісінің тізімі өте көп. Келесі апта 15 отбасына көмектесуді жоспарлап отырмыз.

Бүгінде «Иманғали» орталық мешітіне 350-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы тіркелген. Қай кезде болмасын, оларға үнемі Алла үйі тарапынан көмек беріліп, қолдау көрсетіледі. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу