2021 жылға дейін елімізде қызметтердің 80 пайызы электронды түрде көрсетіледі

01.06.2018

Осындай ауқымды жоспарға қол жеткізу үшін қарқынды қадам қажет. Сенатта Үкімет мүшелері мен депутаттар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанын пысықтады. Отырыста адами капитал, үкімет, экономика мен өндірісті цифрландыру сынды бағыттардағы басымдықтар айқындалды.

Альбина Әшім, тілші:

-Көптеген салада адамды робот алмастыратын заман алыс емес. Мәселен, «Қазпоштаның» цифрлық кеңселерінде сіздерді мынадай роботтар қарсы алады. Мына роботтың аты – Қуаныш. Ол сіздерге қажет қызмет жайлы ақпарат-кеңес қана беріп қоймайды. Көңіліңізді де көтереді.

Жасанды интеллект адамзаттың жұмысын жеңілдететіні сөзсіз. Алайда, ол алдағы 10-20 жылда мамандықтардың тең жартысының жарамсыз болуына әкеледі. Сондықтан, Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев  халықты цифрлық экономикаға тезірек бейімдеп, қарқынға қарқын қоса түсуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Болжам бойынша 2020 жылға қарай цифрландыру әлем экономикасының 4/1-н құрайтын болады. Цифрлық технологиялар – заман талабы. Олар қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі және жалпы адам өмірінің күнделікті тірлігі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда.

Қазір елімізде 400-ден астам қызмет электронды түрде көрсетіледі. Осының арқасында жыл соңына дейін қағаз жүзінде жасалатын 40 млн-ға жуық анықтама қысқарады екен. Сондай-ақ, елордада жыл басында ашылған алғашқы цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы да өз жемісін бере бастады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

-Жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарында цифрлық ХҚКО ашуды көздеп отырмыз. Былтырғы жылдың соңында көші-қон ХҚКО өз жұмысын бастады. Мигранттар осыған дейін қажетті құжаттарды әр мекемеден жинайтын. Оған 3-4 күн кететін. Енді бір терезе қағидасы бойынша кедергісіз қызмет көрсету стандарттарына қол жеткіздік.

Алдағы 3-4 жылда барлық елді мекендерді 100 пайыз интернетпен қамту жоспарда бар. Осылайша, ғаламдық желінің шарапатын шалғайдағы ауылдар да көрмек.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу