Мәскеуде «Астана» қаржы орталығы таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде «Астана» қаржы орталығы таныстырылды

31.05.2018

5-маусым күні – «Астана» халықаралық қаржы орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Осы айтулы шараның қарсаңында Мәскеу қаласында осы орталықтың алдын ала таныстырылымы өтті. «Астана» халықаралық қаржы орталығы - әлемдегі үздік биржалардың негізінде құрылған ТМД кеңістігіндегі тұңғыш жоба. Оған қазірдің өзінде шетелдік инвесторлар мен қаржыгерлер ерекше қызығушылық танытып отыр. Себебі, енді бізге алыс-жақын мемлекеттердегі ірі корпорациялар қаржылық операциялар жасау үшін алыстағы Лондонға немесе Шанхайға шапқыламай-ақ, Астанаға келе салады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы» -  мегажоба. Ол жерге келетін компаниялар 50 жылға дейін корпоративті табыс салығынан босатылады. Жұмыс толықтай ағылшын тілінде және ағылшын құқығының негізінде жүреді. Яғни, мұнда салынған қаржы халықаралық деңгейде қорғалған деген сөз. Мұның барлығы шетелдік инвесторлардың осы орталыққа деген сенімін арттыру үшін жасалған шаралар. Қаржы орталығының осы қызметімен танысқан ресейлік мамандар оның келешегін жоғары бағалады әрі мұның уақтылы қолға алынған жоба екенін айтты.

Александр Габуев, Мәскеудегі Карнеги орталығы азиялық бағдарламасының жетекшісі:

- Қазір Еуразия кеңістігінде болып жатқан түбегейлі өзгерістер «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызын арттыра түседі. Біріншіден, қазір Қытай Шығысқа емес Батысқа, Еуропаға қарай жылжып барады, яғни, Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, инфрақұрылымды жаңғыртуға күш салып отыр. Оның аясында іске асатын көптеген жобаларға үлкен қаржы бөлінеді және олардың акцияларын орналастыратын биржалар керек болады. Меніңше, «Астана» қаржы орталығы осы сәтті өз пайдасына ұтымды пайдалана алады.

Олег Кузьмин, «Ренессанс Капитал» инвестициялық банкінің Ресей және ТМД елдері бойынша бас экономисі:

- «Астана» қаржы орталығы Қазақстан үшін ғана емес, Еуразиялық одақ елдеріне де, соның ішінде, Ресейге де тартымды жоба. Ол өте қолайлы кезеңде құрылып жатыр деп ойлаймын. Себебі, қазір инвесторлар дамушы елдерге ерекше мән беріп отыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс істеу принципі – Лондон, Нью-Йорк және Гонконг биржаларына ұқсас болады. Алайда, артықшылығы, Астананың қызметін пайдалану анағұрлым арзанға түседі. Сондықтан, Қазақстандағы орталық бастапқы кезде әлемнің ең мықты биржаларына бәсекелес болмаған күннің өзінде, ТМД аймағының ең ықпалды қаржы құрылымына айналуы тиіс.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының» басқарушысы:

- Біздің 3 маңызды нарығымыз бар. Біріншіден, ол Орталық Азиядағы 5 мемлекет. Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ, онда да 5 мемлекет. Сондай-ақ, Қытай нарығы бізге өте маңызды. Осы 5 жылдың ішінде қаржы орталығында 15 мың жұмыс орны ашылады. Ол кадрларды қайдан табамыз? Біздің ойымызша, Қазақстанда ондай кадрлар бар.

«Астана» қаржы орталығын құрудағы басты мақсат – елге тікелей инвестиция тартып, шикізаттық емес сектордың дамуына жағдай жасау. Ол үшін еліміз АҚШ-тағы Nasdaq биржасының, «Майкрасофт» және «Амазон» сынды үздік компаниялардың технологиясын қолданғалы отыр.

Санаулы күндерден соң «Астана» халықаралық қаржы орталығы салтанатты түрде ашылып, өзінің жұмсын бастайды. Мамандар мұны қазірдің өзінде өте амбициялық жоба деп отыр. Егер барлық жұмыс жоспарға сай іске асатын болса, көп кешікпей, Астана миллиардтаған доллардың келісімі жасалып, ірі корпорациялардың акциялары сатылатын үлкен орталыққа айналады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу