Оралдағы «Қазтрубпром» зауыты Кедендік кеңістікті тиімді пайдалануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы «Қазтрубпром» зауыты Кедендік кеңістікті тиімді пайдалануда

18.04.2014
Оралдағы «Қазтрубпром» зауыты Кедендік кеңістікті тиімді пайдалануда
Оралдағы «Қазтрубпром» зауыты - бұрандалы болат құбырларды шығаратын еліміздегі санаулы кәсіпорынның бірі. Халықаралық сертификаттарға ие өнім  негізінен мұнай-газ саласында пайдаланылады.
 
Соңғы 5 жылда құбыр өндірісін 10 есеге өсірген зауыт Кедендік кеңістікті де тиімді пайдалануда. Қазір өнімнің басым бөлігі  Ресейге жөнелтілуде.
 
Зауыт ұжымы жыл өткен сайын жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.   Қазір мұнда сорғы-компрессорлық және қаптама құбырлардың 10-нан астам түрі шығарылады. Дайын өнімге тапсырыс берушілер - отандық және ТМД елдерінің мұнай-газ компаниялары. Әсіресе, Кедендік одақтың құрылуымен Ресейге экспорт ұлғайған.
 
Александр Быков, «Қазтрубпром» ЖШС бас директоры:
Кедендік одақтың құрылуы біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетті. Қазір құжатыңды толтыр да, тауарыңды өткізе бер, ешкім кедергі келтірмейді. Әрине, өндірістің өрістеуіне орай жаңа өнім түрлерін шығаруды көздеп отырмыз.
 
Өткен жылы кәсіпорында 16 500 тонна құбыр шығарылса, биыл бұл көрсеткішті 28 мыңға жеткізу көзделген. Өнім халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді.
 
Ғалия Дүйсенғалиева, техникалық бөлім басшысы:
Біздің құбырлар күкіртті-сутекті ортада қолданылады. Сондықтан, шығарылған құбырлардың сапасына өте мән береміз.
 
Биылғы жыл  компанияда «жас мамандар» жылы деп жарияланған. Оның шеңберінде жастардың біліктілігін арттыру, қайта оқыту және іскерлік бастамаларын қолдауға көңіл бөлінуде.
 
Алтай Жаңғазиев  - Ресейге барып, тәжірибе жинап келген жастың бірі. Қазір ол немістің соны технологиясымен жұмыс істейді.
 
Алтай Жаңғазиев, кәсіпорын маманы:
 Менің негізгі мақсатым - осы станоктың дұрыс жұмыс істеуін қадағалап отыру. Бұл зауытта барлық құрылғылар соңғы үлгідегі  замануи құрылғылармен жабдықталған.
 
Өндіріс тәулік бойы тоқтамайды. Сондықтан, мұнда 3 ауысымда алма-кезек 4 бригада еңбек етеді. Соңғы бес жыл ішінде зауытта 150 жаңа жұмыс орны ашылған.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу