Парижде Қазақстан-Франция инвестициялық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парижде Қазақстан-Франция инвестициялық форумы өтті

29.05.2018

Франция кәсіпкерлері Қазақстанда сандық технологияны дамытып, көлік-логистика саласында ынтымақты арттыруға қызығушылық білдіріп отыр. Мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларына қатысуға ниеттерін бизнесмендер Парижде өткен Қазақстан-Франция инвестициялық форумында жеткізді. Шараны еліміздің Франциядағы елшілігі мен «Қазақинвест»ұлттық компаниясы бірігіп ұйымдастырды. Басқосуға Франция үкіметінің мүшелері, қос елдің кәсіпкерлері қатысты.

Франция мен Қазақстанның стратегиялық әріптес болғанына биыл - 10 жыл. Осы 10 жыл ішінде француз кәсіпкерлері қазақ экономикасына 14 млрд. доллардан астам қаржы құйған. Еуропаның алыбы бізге электронды, механикалық қондырғыларды, дәрі-дәрмек, көлік, құрылыс материалдарын экспорттап отыр. Қазақстаннан мұнай, металл, химия, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдайды. Бір-бірімізден аларымыз да, береріміз де әлі көп.  Париждегі форумды ұйымдастырудағы мақсат - осы ынтымақтың көкжиегін кеңейту.

Ерлан Қайыров, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы:

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен елге шетелдік инвесторларды тартуға басымдық беріп отырмыз. Әсіресе, бізге қажетті технологиясы бар трансұлттық компаниялармен әріптестікті арттыруымыз қажет. Сондай-ақ, Президент жариялаған жекешелендіру, сандық технология бағдарламалары бойынша да мол ақпарат беріп, шетелдік инвесторларды қызықтырып жатырмыз. Себебі, француз компанияларының ноу-хау, технология жағынан әлеуеті жоғары.

130 қазақ-француз біріккен кәсіпорны қазір елімізде жемісті еңбек етіп жатыр. Осы уақытқа дейін теміржол, машина жасау, дәрі-дәрмек пен тамақ өнеркәсібіндегі озық тәжірибесімен бөлісіп келген француздар енді өзге де салаларда бағын сынап көрмекші.

Жан-Батист Лемуан, Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрлігі жанындағы мемлекеттік хатшысы:

Президент Н.Назарбаев 2020 жылға дейін Қазақстанда сандық технологияны дамыту туралы мақсат қойғанын білеміз. Біз бірігіп осы салада қыруар жұмыс атқаруға қауқарлымыз. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму, көлік, «Ұлы Жібек жолы» жобасы  бойынша Қазақстан, Франция, Қытай елдері біріккен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіміз мол. 2018 жылдың соңында немесе 2019 жылдың басында Президент Н.Назарбаевтың шақыруымен Франция президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға сапары жоспарланып отыр. Сапар екіжақты қатынастың одан сайын қарқынды дамуына сеп болары сөзсіз. 

Ги Сидос, «Vicat» компаниясының бас директоры:

«Vicat» компаниясының Қазақстанға инвестиция құйғанына биыл 10 жыл.  Осы уақыт аралығында біз елдеріңізге 300 млн. доллар қаржы құйдық. Жамбыл облысында цемент зауытын салып, бірқатар әлеуметтік жобаларға қатыстық. Болашақта сапалы өнім шығарып, бизнесті кеңейте бергіміз келеді. Себебі, қазақ үкіметі бізді жақсы қолдап отыр. 

Қазақстандағы инвестициялық климаттың қолайлылығын біздің елде тәжірибесі бар кәсіпкерлерден бөлек, «Қазақинвест» басшылығы да жиналғандарға кеңінен баяндады. Мемлекеттік-жеке әріптестік бойынша тың жобасы бар француз кәсіпкерлеріне «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қаржылай қолдау көрсетуге дайын. Қазақ еліндегі тың мүмкіндіктерге қызыққан француз бизнесмендерімен «Қазатомөндіріс» компаниясы форум соңында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 Нұрсұлу Қасым, тілші:

Француз кәсіпкерлері елдегі жекешелендіру процесіне де белсенді қатысуға ниетті. Тағы бір топ компания өкілдері «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүшесі болсақ дейді. «Жүз естігенше, бір рет көрген артық», деп қазақы мақалдың французша нұсқасын айтқан қалталылар шілдеде қаржы орталығының ресми ашылуына, Астанада өтетін инвестициялық форумға қатысуды көздеп отыр. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу