Алматыда алты құрлық ақылмандарының басын қосқан алқалы жиын басталды. Биылғы он бесінші Еуразиялық медиафорумның тақырыбы «Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем» деп аталады. Осы уақыт аралығында дәстүрлі пікір алаңы Азия мен Еуропаның арасына алтын көпір орнатты. Сонымен, 60 мемлекеттен келген 600-ге жуық сарапшы қандай ой айтты?
Медиа форумның салтанатты ашылуында алдымен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Бүгінгі форум медиа саласындағы білікті майталмандардың өзара диалог жүргізуіне мүмкіндік беретін маңызды шара. Әлем құбылып, геосаяси қайшылықтар мен жаңа технологиялық мүмкіндіктер шиеленіскен қазіргі жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары қақтығыстар эскалациясының детонаторы. Сондай-ақ, халықаралық шиеленістерді тежеу мен алдын алудың жаһандық факторы бола алады.
Ал, Еуразиялық медиа форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бүгінгі цифрлы ұрпақтың келбеті туралы ой қозғап, он бес жыл бұрын талқыланған тақырыпқа да тоқталды. Осы уақыт аралығында жаһан күнде жаңғырып, мың түрленгендігін айтты.
Дариға Назарбаева, Еуразиялық медиа форум ұйымдастыру комитетінің төрайымы:
- Біз ең алғаш 2002 жылы Алматыда бас қосқанда iPhone да, Facebook те, Instagram да, WhatsApp та болмады. Бұл жаңа технологиялар біздің өмірімізге айналдырған бір-екі жылда еніп, ажырамас бөлікке айналды. Пейджер деген сөз ұмытылды. Кейбір телефондарды тек көне фильмдерден көреміз. Теледидар жәшігі «сұйық» экранға айналcа, cмартфон қазір қалтаға сыйып кететін компьютер. Сондықтан, ақпарат таратудың жүйелері өзгерді.
Сарапшылардың сөзінше, ақпарат алудың жүйесі өзгергендіктен, күрделі мәселелер туындады. Мысалы, фактіден фейкке дейінгі ақпараттық технологияның эволюциясын алайық. Бұған көңіл бөлу қаншалықты қажет? Міне, бұл қазір төрткүл дүниені алаңдатқан мәселе.
Роджер Фиск, «New Day Strategy» компаниясының басшысы:
- Қазір фейк ақпарат көбейді. Сондықтан, расталмаған жаңалықтан алыс болуға кеңес беремін. Жалған фейк қоғамға толқу әкелмес үшін дәстүрлі медиаға иек артқан абзал. Ал, Еуразиялық медиафорумға келетін болсақ, жыл сайын ауқымы кеңейіп келеді. Көтерілегн тақырыптар да өте өзекті. Себебі, бұл ақпараттық қақтығыстар кезеңі.
Софико Шеварднадзе, «Russia Today» арнасының тележүргізушісі:
- Мен Еуразиялық медиа форуымын әлемдегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған теңдессіз алаң деп есептеймін. Бұл жерде саяси мәселелер де, технологиялық дамудан туындаған мәселелер де көтеріліп жатыр. Өйткені, осындай диалог арқылы әлемді құтқаруға болады.
Медиа мамандар, әлемдік қоғамдастық ортақ мәселелерді жүйелі реттеу үшін ең бірінші ашық сұхбатқа келу қажет екендігін жеткізді. Бұған осындай ашық пікір алаңының болуы аса маңызды. Сондықтан, аталған форум ұйымдастырушылары болашақта да әлемнің әр қиырындағы мамандардың басын қосып, өзекті мәселелерді ортаға сала бермек.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ