Мемлекет басшысы: «KADEX» көрмесінің әлеуеті жыл сайын артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: «KADEX» көрмесінің әлеуеті жыл сайын артып келеді

23.05.2018

Бүгін Астанада «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің жұмысы басталды. Шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, көрменің жыл сайын әлеуеті артып, әлемдік деңгейге шығып келе жатқанын атап өтті. Халықаралық көрме осымен бесінші рет өтіп отыр.

Жұмысы 26-мамырға дейін созылатын көрмеге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзірбайжан, Израиль, Италия сынды 40-тан астам елдердің өкілдері қатысуда. Одан бөлек, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, Қытай, АҚШ және Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорны өз өнімдерін ұсынады. Бұл жерде өндірушілер мен тұтынушылар арасында өзара оңтайлы байланыс орнатуға, келісім жасауға қолайлы жағдай жасалған. Оған қоса, технологиялық тұрғыда жаңғырту мәселелері жөнінде тәжірибе алмасу үшін тиімді алаңға айналып отыр. Биыл көрмеде 10 павильон жұмыс істейді. Олардың ішінен:Түркия, Қытай және Ресейдің 3 жеке павильоны бар. Ал, Қазақстан жағынан «Қазақстан инжиниринг», «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» және «Қазтехнология» кәсіпорындарының павильондары бар.

Одан бөлек, космонавтика саласының жетекші үлгілері ұсынылатын ғарыш қызметіне арналған павильон алғаш рет қойылып отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде көрме жұмысының ширай түсуі елдер арасында қорғаныс саласындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халықаралық «KADEX-2018» әскери мүлік көрмесінің ашылуы құтты болсын! 5-ші рет өтіп отырған айтулы іс-шара Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. 28 ел 318 кәсіпорын оны жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз. 

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу