Қала сыртындағы тұрғын үйлердің жанынан шашылып жатқан малдың сүйектері табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қала сыртындағы тұрғын үйлердің жанынан шашылып жатқан малдың сүйектері табылды

18.05.2018

Сиырдың бас сүйектерін шашып тастаған кім? Астана іргесіндегі «Garden Village» коттедждер қалашығының тұрғындары осы сұрақтың жауабын білгісі келеді. Сондай-ақ, олар үйлерінің артындағы ашық жер қоқыс алаңына айналып бара жатқанына қапалы. Ол аумақ бұрын да қыстыгүні қар жинайтын полигон болуға шақ қалған. Бірақ, халық айқаймен тоқтатыпты. «Дегенмен, мына оқиға одан да сорақы»,-дейді.

Сүйек-саяқ бір жерге ғана төгілмеген. Айналада шашылып жатқанына аптаға жуықтапты. Көпшілік мұны ет комбинаттары немесе мал сою пункттерінен жеткен, әлде ұрлық мал болуы мүмкін деп есептейді. «Ал, басқалары қайдан келсе де жұқпалы аурулар тарамай ма»,-деп қауіптенеді. Бірақ, нақтысын білмегендіктен бастары қатып дал болған.

Ерсұлтан Серікбайұлы, қала тұрғыны:

- Білмейміз бұл не мал екенін, қай жақтан келгенін. Жан-жақта бруцеллез болып жатыр.

Жандос Сыздықов, қала тұрғыны:

- Оны бала ұстайды. Оны иттер келіп жейді. Итті бала ұстайды, күдіктенетін нәрселер көп.

Мұнда тек сүйек-саяқ жатқан жоқ. Қайда бұрылсаң да қоқыс. Құрылыс және тұрмыстық қатты қалдықтар жан-жақта жайрап жатыр. Алайда, бұл қоқыс төгетін алаң емес. Жасыл белдеу. Ал, полигондар қаладан қашық. «Соған қарағанда біреулер ерініп, жақын жерді бүлдіріп жүр»,-дейді. Оның кім екенін анықтауға полицейлер кірісіп кетті. Абаттандыру ережесін бұзған жеке тұлға болса 20, ал, заңды тұлғаларға 30-дан 100 айлық есептік көрсеткіштен айыппұл салынады.

Софья Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

- Қазір тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Егер де тұлғалар анықталатын болса, барлық материалдар Экология департаментіне шешім қабылдану үшін жолданады.

Тұрғындар мәселені түсірілім уақытында Есіл ауданы әкімдігіне жеткізген еді. Біз де сол кезде хабарласып оқиғаға қатысты жауап күттік. Бермеді. Бірақ, редакцияға келіп, мәтінді эфирге әзірлеп жатқанда шағымданушылар сурет жолдады. Әкімдік қоқысты толық тазаламағанымен жағымсыз иісі қолқаны қабатын бас сүйектерін жүк көлікке тиеп кетіпті.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу