Атырауда заңсыз балық аулаған қылмыстық топ мүшелеріне үкім шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда заңсыз балық аулаған қылмыстық топ мүшелеріне үкім шықты

18.05.2018

Атырауда көп көлемде заңсыз  балық аулап, тасымалдаған трансұлттық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Ресейлік азаматпен сыбайласқан күдіктілер тонналап балықты шетел асырып отырған.

Нәтижесінде 101 тонна қара балық ауланып,  мемлекетке 30 млн. теңге залал келтірілген. Қылмыстық топ басшылары Қиғаш өзенінің теңізге құяр сағасындағы бірнеше аумақта 47 адамға заңсыз балық аулатып келген. Бүгінде осы іске қатысы бар күдіктілердің кінәсі толық мойындалып, 2 жылдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.  

Мирас Ғабдолхаев, Атырау облыстық сотының баспасөз  хатшысы:

- Сотталушылардың қылмыстық әрекеті өзара сөйлескен ұялы телефондағы әңгімелері, куәлардың жауаптары және өзге де құжаттағы материалдармен дәлелденді. Қылмыс құралдары мемлекет пайдасына тәркіленіп, Құрманғазы ауданында қылмыс жасауға ықпал еткен құзырлы органдардың әрекетіне жекеше қаулы шығарылды.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу