Астананың 20 жылдығына бөлінген қомақты қаржы қадағалауда болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың 20 жылдығына бөлінген қомақты қаржы қадағалауда болады

15.05.2018

Астананың 20 жылдығын тойлауға бөлінген қаржы неліктен көп және ол қалай жұмсалады? Әлеуметтік желілерде қызу талқыға салынған осы мәселе жөнінде журналистер Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың пікірін сұрап білді.

Министр алдымен «Астана Тәуелсіздігіміздің басты тірегі, символы» екенін атап өтті. Сондай-ақ, елорданың 20 жылдығы шенеуніктер емес, қарапайым халық үшін тойланады. «Ал, елорда күніне бөлінген 19 миллиард теңгеге жуық қаржы бірнеше мемлекеттік органдардың бюджетінен алынған», - дейді Дәурен Абаев. Сонымен қатар, министр бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеруші органдар бақылай алатынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Астананың 20 жылдығын тойлауға 18 миллиард 800 миллион теңге бөлінгені белгілі болған еді. Бұл сомаға елордада 85 мерекелік шара өткізу жоспарланған.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Астана күніне жұмсалатын қаржы бұған дейін бюджеттен қарастырылып қойған. Халықтың бір бөлігі айтып жүргендей несиеге алынған ақша емес. Бұл сома соншалықты көп деп есептемеймін. Ал, өңірлердің елордаға жасайтын сыйлықтарына келетін болсақ, бұның жақсы жағын да ұмытпайық. Мәселен, Самал шағын ауданы мен саябақты байланыстыратын велосипед тебушілерге арналған көпір Астана әкімі үшін емес, қала тұрғындары, қонақтары мен балалары үшін салынып жатыр. Назарды тек ақшаға ғана емес, қаланың дамуына да бөлсек. Инфрақұрылым халық игілігіне беріледі, ал, жұмсалған ақша уақыт өте келе мемлекет қазынасына салық түрінде қайтып келеді.

Альбина ӘШІМ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу