Теңіз және өзен флотын бақылау жеңілдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіз және өзен флотын бақылау жеңілдеді

11.05.2018

Транспорттық бақылау комитеті биылдан бастап су көлігінде құрылған флотты тексеру, техникалық байқау өткізу шараларын жеңілдетті. Одан бөлек, порт капитаны туралы жаңа ережені бекітті. Кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұтастай цифрлы жүйеге ауыса бастады. Бұдан былай навигация басталысымен транспорттық бақылау инспекторларында тыным болмайды. 

Кеме қатынасы, ашық айдынға шығу, апатты болдырмау, флот жұмысын реттеу түгелдей солардың мойнында. Мәселен, бұрын техникалық байқаудан өтпейінше бірде-бір су көлігі орнынан қозғалмайтын. Енді кеменің техникалық күйін, экипаждың рейске дайындығын инспекторлар өздері келіп тексеріп, тиісті рұқсат құжаттарын береді.

Александр Чекловец, «Малайсары тархан» кемесінің капитан механигі:

- Қағазбастылық уақыт алатын. Ал, қазір бәрі тез жасалады. Өзен регистріне кемелерді тіркеуден бастап, жүзу құқығына куәлік беруді Халыққа қызмет көрсету орталығынан аламыз. Электронды кілтің болса болғаны. Цифрландыру бізге заманауи талаптарға сай жұмыс істеуге жол ашып отыр.

Бақылаушы инспекторлық органдардың қызметін жетілдіру үшін биылдан бастап нормативтік актілерге түзету енді.  Яғни, халықаралық конвенцияларға сай елімізде кеме қатынасы және теңізде жүзу қауіпсіздігі туралы нақты ереже бекіді.

Жандос Әлменов, ҚР Инвестиция және даму министрлігі Транспорттық комитетінің Судағы көлікті бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Мақсат - әкімшілік кедергілерді жою, сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау, апатты жағдайлардың алдын алу. Ең бастысы, кеме қатынасы саласын жандандыру

Игілікті бастамаларды іске асыру үшін Павлодардағы су көлігі кәсіпорындары Ресейге қарай жол салды. Биылдан бастап Сібір қарағайын тасымалдауға кірісті. Өзен портына орман ағашы соңғы рет 25 жыл бұрын түсірілген екен.

Алексей Гладков, «Павлодар өзен порты» АҚ бас инженері: 

- Омбы арқылы өтіп Ханты-Мансийск жаққа тұз апарамыз. Ең алыс кеткенде Салехардқа дейін баруға болады. Қазір біздің баржамыздың бірі Омбы қаласында, екіншісі Омбыдан 200 шақырым жердегі Тара қаласында жүк түсіріп жатыр. Кері қайтқанда қарағай тиеп әкеледі. Бұл дегеніміз, Кеңестік заманда тоқтап қалған жүк тасымалдау қайта жанданды дегенді білдіреді.

Павлодар өзен порты - халықаралық бағытта жүк тасымалдап жатқан еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Қазір қарт Ертіс кемерінен асып жатыр. Яғни, биыл өзен соншалықты тартылып, кемелер қайрандап қалады деген қауіп жоқ. 

Болат АМАНБАЕВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу