Мемлекеттік сатып алу саласында жемқорлық деректері көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік сатып алу саласында жемқорлық деректері көп

10.05.2018

Аса ірі сыбайлас жемқорлық қылмыстары көбіне мемлекеттік сатып алу саласында жасалады.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымдық бөлімшелерінің мамандары  журналистерге берген брифингінде мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік сатып алу кезінде ұйымдастарылатын тендерлерді ұтып алу үшін жоғары лауазымды шенеуніктерден бастап бірнеше адам сыбайласқан түрде жұмыс істейді. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін агенттік халықаралық тәжірибеге сүйенуді жөн санайды. Мәселен, көптеген мемлекетте сатып алулар үшін төлемдер тек қана банк арқылы жүргізіледі.

Сондай-ақ, «парақорлықты жою үшін оған қарсы мәдениетті де қалыптастырған абзал», - дейді мамандар. Осы мақсатта елорда мектептерінде «Адал ұрпақ» атты клубтар құрылып, қала әкімдігімен бірлесіп, «Астана – адалдық алаңы» деген жоба жүзеге асырылып жатыр. Айта кетерлігі, елорданың өзінде биылғы жылдың тек 1-ші тоқсанында сыбайлас жемқорлық бойынша 70-тен астам қылмыс анықталған. 

Жазира Жылқышиева, «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі:

- Жобаның келесі бағыты бойынша мемлекеттік сатып алуларда автоматтандырылған мониторингтік-ақпараттық жүйелерді қолдану мәселесін қарастыруда. Тұрғындарды тұрақты түрде таныстыру және алдын алу шаралары өткізіледі. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу