Қостанай облысында биыл ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында биыл ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылады

10.05.2018

Ол үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмек. Комбайн, тракторларды  сатып алуда шаруаларға субсидия бөлінбек.

Қостанай облысында 22 мың трактор, 10 мыңға жуық астық жинау комбайны, 840 өнімділігі жоғары дән себу кешендері бар. Бірақ, соның  70 пайызы  әбден ескірген. Мұның астық өсірумен айналысатын шаруаларға тигізер зияны көп.  Ал, техника алаңын жаңартудың тиімді тетігі - субсидия.  Шаруаларға  осы  бағытта мемлекет қаржылай  қолдау көрсетпек. 

Бахыт Ілиясов, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің басқарма директоры:

- Қазіргі таңда техника алаңын жаңартуға банктер несиені 15- 16 пайыз мөлшерлемемен беріп жүр. 10 пайызы субсидияланса, 5-6 пайыз жеңілдік болады.

Машина алаңын жаңартуда бұрынғыдай ел асудың қажеті жоқ. Дән егіп жер өңдейтін  агротехникалардың түр-түрі Қостанай  өңірінде де қолжетімді.

Николай Пархоменко, «Агромашхолдинг» АҚ  өкілі:

- «Агромашхолдинг» зауыты 500 ауыл шаруашылығы техникасын  құрастыруды жоспарлап отыр. Соның ішінде «Есіл» астық жинау комбайны бар. Биыл Белоруссиядағы әріптестерімізбен келісім жасастық. Былтыр 300 комбайн саттық.

Агрожиында ауыл шаруашылығы, машина жасау өндірісінін өркендетудің маңыздылығы сөз болды.  Бәсекеге төтеп беру үшін отандық зауыт басшылары  техникалардың сапасы мен бағасына көптеп көңіл болуі тиіс.

Шетел нарығын бағындыру үшін егіншілікте ғылымға негізделген тың технологияларды қолдану мәселесі талқыланды. Бұл өнімділікті арттырып қана қоймай, астық сапасын жақсартады. Жалпы, биыл облыс  5 млн. 600 мың гектар алқапқа тұқым себуді жоспарлап отыр. 

Инара БАРСАҚБАЕВА

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу