Еліміздің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің күш-қуаты кепіл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің күш-қуаты кепіл

07.05.2018

Соңғы кездері әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар мен соғыс қимылдары әуедегі қорғаныс жүйесінің маңызы арта түскенін көрсетіп отыр. Осы орайда Отанымыздың аспаны берік қолда деуге болады. Бұған еліміздің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің күш-қуаты кепіл. Өйткені, әр өңірде сайдың тасындай іріктелген жігіттер соңғы техникалардың тізгінін мығым ұстап, әуе шебін берік күзетеді. Тәжірибелі мамандар сарбаздардың кәсіби шеберлігін шыңдап, біліктілігін арттыруда.

Көкті де, жерді де қырағы қадағалап отырған әскери құрылым - осы. Бұл елдің әуе кеңістігін, саяси-әкімшілік орталықтарын, стратегиялық маңызды нысандар мен шаруашылық аудандарын әуе шабуылынан қорғау үшін құрылған әскер.

Ақмола облысының аспан кеңістігін 44813 әскери бөлімі күзетеді. Қорғанысы мығым, қорғаушылары мықты. Өйткені, күнделікті төңіректе ұшу аппараттарын табу мен тану олардың басты міндеті.

Мынау алып анықтау құрылғысын 23 жастағы Әлімхан басқарады. Әскери бөлімге келгеніне жарты жыл. Аз уақытта алғырлығы мен ептілігімен көзге түсіп, жауапты қызметке бекітілді. Ол әулетіндегі жалғыз әскери. Алматыдағы радиоэлектроника және байланыс институтының үздік түлегі.

Әлімхан Қамбар, 44813 әскери бөлімінің радиолокациялық барлау есептоп басшысы:

- Менің әскери қызметші болып жүргеніме отбасым өте қуанышты. Отбасымның үмітін ақтармын. Мен әскери салада үлкен жетістіктерге жеткім келеді.

Қауқарлы техника қайратты сарбаздардың қолында болса, мақсаттың орындалғаны. Мұндағы шабуылдаушы әскери-әуе құралдары жойқын қиратқыш күшке ие, дыбыстан да тез. Жалпылай айтқанша, біріне тоқталайық. Атын атап, түсін түстеп көрсетсек, С-300 зениттік-зымыранды кешені. 70 шақырым ара қашықта аспанда жылт еткен кез-келген ракета түрі мен ұшақты, тікұшақты қағып түсіреді.

Әуежайға қонатын кез келген ұшақ туралы жан-жақты ақпаратты да осы әскери бөлімдегілер бірінші болып біліп отырады. Күдік туса, әуе шабуылы, әскери флот және азаматтық қорғаныс күштеріне хабар жеткізіледі.

Дәурен Көпбаев, 44813 әскери бөлімінің штаб басшысы:

- Мұнда өте қатаң. Біріншіден, әскери тәртіп және офицерлердің, басқа да әскери қызметшілердің кәсіптік өздерінің дайындықтары қажет. Отан аспаны берік қолда деп айтсақ болады.

Әр өңірдегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері соңғы техника үлгілерімен қамтылған. Әскери ғылымның жаңалықтарына да ерекше мән беріледі. Өйткені, қорғаныс қабілетін нығайту кез келген ел әскерінің басты міндеті.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу