Ерлік - нағыз ердің ісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлік - нағыз ердің ісі

07.05.2018

Кірпік қақпай, әр сәт ұрысқа дайын тұратын сарбаздарды ракета әскерлері және артиллерия деп атайды. Олар аспаннан, жерден келетін кеселдің бетін қайтаруға бағытталған. Әзірге бұл әскер өз күшін іс жүзінде көрсеткен жоқ. «Дей тұрғанмен, бойды босқа салуға болмайды», - дейді қолбасшылар. Олар жылына сан мәрте әскери жаттығу өткізіп, машықтарын шыңдап келеді.

Қазақ мемлекеті таспалы тарихында еш елге баса көктеп кіріп, дөң айбат көрсетпеген. Қолында бар күшін тек елін-жерін қорғау жолында сарп еткен. Қорғаныстың алдыңғы шебінде тұрған әскер түрі ракета әскерлері және артиллерия деп аталады. Олар реактивті артиллерия, түрлі калибрлі пушкалар, гаубица, танкке қарсы қару, минометтермен мұздай қаруланған. Аталған қару қашықтықтағы жауды жайратып тастауға қауқарлы.

Мейіржан Есімов, 85395 әскери бөлімінің аға лейтенанты:

- Артиллерия мамандығын таңдаған себебім, жаудың күшіне көп мөлшерде тойтарыс береді. Сондай-ақ, артиллерияны «соғыс құдайы» деп айтатындықтан, осы мамандықты таңдадым.

Ширақ, шапшаң, сұрапыл. Бұл теңеулер ракета әскері және артиллерия күштері туралы айтылған. Ауа райының қандайына қарамастан, қысы-жазы 10-15 секунд ішінде нысанға қарсы күш қолданады. Құр күш қолданып қана қоймай, нысанға дөп тигізе алатын дәлдігімен де бұл әскер ерекше. Қорғаныс министрлігіне қарасты құрылым басшысы «біздің әскер бүгінгі таңда кез келген алға қойылған міндетті мінсіз орындауға дайын», дейді.

Асқар Жоламанов, ҚР Қорғаныс министрлігі Ракета әскерлері және артиллерия қолбасшысы:

- Ракета әскерлері және артиллерия кез келген ауа райына қарамай, күн, түн, тұман, қар-жауын қарамай жауынгерлік тапсырманы орындауға дайын.  Қазіргі таңда алға қойған басты міндет -артиллерия мен барлау қызметін интеграциялау.

Бұдан бөлек, қазақ сарбаздары қазір Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының аясындағы көптеген әскери шаралардың бел ортасында жүреді. Осы ұйымдардың арасындағы әскери шараларға белсенді қатысып, біздің әскердің өзіндік бет-бейнесі мен беделі барын басқаға баяғыдан дәлелдеп келеді. Бұл сөзімізге былтырғы «АРМИЯ 2017» әскери байқауында қазақ сарбаздарының бірінші орынды иемденуі айқын дәлел.

Жалпы, Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына биыл 27 жыл. Осы уақыт аралығында оңтайлы саясат ұстанған еліміз қорғаныс, қауіпсіздік саласын тас-түйін бекітті. Қажет тұстарын қайта реформалап, тыңнан түлетті. Сол Тәуелсіздік жылдарында кәсіби әскер жасақтаған еліміз ендігі жерде қорғаныстың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аударып отыр.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу