Әскери тәртіптегі ақ халатты абзал жандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери тәртіптегі ақ халатты абзал жандар

07.05.2018

Еліміздің Қарулы күштері қатарында қол ұстасып, бірге қызмет етіп жүрген ерлі-зайыптылар да аз емес. Солардың бірі - Талдықорғандағы әскери госпитальда қызмет ететін подполковник Ғалымбек Тілековтың шаңырағы. Өмірлік серігі капитан Зульфия Дауылбаева екеуі 15 жылға жуық Жетісу өңіріндегі әскери бөлімдерде түрлі қызметтер атқарып келеді.

Ақтөбе медицина институтының қабырғасында танысқан Ғалымбек пен Зульфия студент шақтарында шаңырақ көтерді.  Қазір бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Кезінде әскери борышын өтеу үшін Алматы облысына келген Ғалымбек бүгінде госпитальде сәулелі диагностика бөлімінің меңгерушісі. Ал, жолдасы Зульфия - терапевт дәрігер.

Ғалымбек Тілеков, Талдықорған әскери госпиталінің бөлім меңгерушісі:

- Барлық талаптар, барлық физикалық жүктемелер десантты-шабуылдаушы әскерлердің талаптары негізінде жүреді. Біз әскери дәрігер болғанымен дене шынықтырулар, атыс дайындықтары барлығын бірге алып жүреміз.

Білікті дәрігер білген-түйгенін жастарға үйретуден жалыққан емес. Заманауи қондырғыларды студенттерге таныстырып, тәжірибеден өткізеді. Ал, жұмыстан босай сала үйлеріне асығады. Ұл-қыздарын еңбекке баулып, үй шаруасына икемдеген. Әзірге тек үлкен қызы Ақжанат әке-шеше жолын қууды мұрат етеді.

Ақжанат Сағынбаева, қызы:

- Ата-анамның жұмысына қарай отырып, менің де болашақта дәрігер болғым келеді. Нақтырақ айтсам, педиатр, яғни, балалар дәрігері. Әрине, бұл мамандық өте күрделі. Бірақ, мен қазір ол мамандықты игеру үшін барынша білімділікке, білгірлікке нақты қадамдар жасаймын. Мысалы, білімімді жетілдіріп, тесттен жоғары бал алуға тырысып жатырмын.

Әдетте, әскери қызмет әйел затына жат дейді. Бірақ, 3 баланың анасы Зульфия үйге де, түзге де үлгеріп жүр.

Зульфия Дауылбаева, дәрігер-терапевт:

- Мен үшін ана болу - бақыт. Әскери мамандығым ол Отан алдындағы борышым. Ал, медицина өзім таңдаған мамандығым.

Жуырда әскери дәрігерлердің бекітілген тәртіпке сай, Талдықорған госпиталіндегі 5 жылдық қызмет мерзімі аяқталады. Әрі қарай қызметтің қай жерден бұйырары әзірге белгісіз. Анығы сол - Қазақстанның қай бұрышында жүрсе де, бір-біріне демеу болған ерлі-зайыптылар қызметіне адал.

  

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу