Санкт-Петербургтен Кенесары ханның кісесі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургтен Кенесары ханның кісесі табылды

04.05.2018

Санкт-Петербургтегі Ресейдің этнографиялық мұражайынан Кенесары ханның кісесі табылды. Бұл туралы алғаш рет ҚР Ұлттық мұражайы жанындағы «Сокралды Қазақстан» орталығының басшысы, зерттеуші Берік Әбдіғалиұлы хабарлаған. Алайда,  мұражайдағы мамандар «бұл белдіктің иесі нақты Кенесары хан болды деген ақпарат жоқ» деп отыр. Жалпы, бұл мұражайда ханның кісесінен бөлек, қазақтың тарихына қатысты өзге де 2,5 мың құнды жәдігер бар. Олардың бірсыпырасын Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы бейнетаспаға түсіріп, музей қызметкерлерімен сұхбаттасып қайтты.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Ресейдің этнографиялық мұражайында қазақтың мәдениетіне, тарихына, тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты 2,5 мың жәдігер бар. Олардың кейбірі мына мен тұрған Орталық Азия және Қазақстан халықтары бөлімінде көрмеге қойылған. Алайда, жәдігерлердің басым көпшілігі, әсіресе, құнды заттар көпшіліктің көзінен тыс жерде,  арнайы қорда сақтаулы тұр.

Қордағы бағалы бұйымдардың арасында Кенесары ханның кісесі де бар. 2 қабат барқыттан жасалған, арнайы қалташалары бар белдіктің сырты маржан тастармен және мыспен безендірілген. Бұл кісені 1915 жылы Сейілбек Жанайдаров деген азамат осы мұражайға тапсырған. Алайда, мекеме қызметкерлері белдіктің Кенесары ханға тиесілі екенін растамай отыр. Бірақ, нақты кімдікі екенін өздері де білмейді. 

Лариса Попова, Ресей этнографиялық мұражайы Кавказ, Орталық Азия және Қазақстан халықтарының этнографиясы бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл кісені бізге тапсырған адамның айтуы бойынша, ол Орта жүздің соңғы ханына тиесілі болған. Алайда, жазбада нақты қай хан екені жазылмаған. Жалпы, адамдар музейге заттарды тапсырғанда көбінесе оның құнын арттыру үшін атақты адамдардікі болды деп айтады. Оның үстіне Ресейдің ресми тарихы үшін Орта жүздің соңғы ханы Кенесары емес, Уәли хан болған. Сондықтан, бұл Кенесары ханның кісесі деп айта алмаймын. 

Ал, мынау 1906 жылы Баянауыл жерінен әкелінген киіз үй. Ондағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, қолданған заттары да қаз-қалпында сақтаулы. Осы арқылы музейге келген жұрт, әсіресе, мектеп оқушылары, қазақтың мәдениетімен танысады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Орталық Азияға арналған залда ұлттық киімдеріміз бен аспаптарымыз да экспозицияға қойылған. Ал, мына бір ерекше сәукелені 1907 жылы Петерборда өткен көрме кезінде музей басшылығы сатып алған. Ол аз десеңіз, Жәңгір ханның 2 бірдей дулығасы мен жеке заттары да арнайы қорда жатыр. Алайда, мұражай қызметкерлері оны түсіруге рұқсат бермеді.  

Елена Кубель, Ресей этнографиялық мұражайы Орталық Азия және Қазақстан халықтары этнографиясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері:

- Экспозицияға жәдігерлердің өте аз бөлігі ғана қойылған. Себебі, барлық экспонаттарды көрсетіп қоятын жер жоқ. Оларды арнайы қорда сақтаймыз. Есесіне біз ара-тұра, кейбір құнды жәдігерлерді қордан шығарып, уақытша көрмелер өткізіп тұрамыз. Қазақ халқына қатысты кейбір заттарды да сол кезде көрсетеміз. Бірақ, Кенесары ханның кісесі деп айтылып жүрген белдік бұған дейін ешбір көрмеде көрсетілген жоқ.

Осылайша, 116 жылдық тарихы бар этнографиялық мұражайда қазақтың өткен-кеткеніне қатысты деректер мен дәйектер көп. Ал, музей қызметкерлері ат-тонын ала қашып отырған кісе, Кенесары хандікі ме, жоқ па?! Бұл сұраққа ғалымдар мен зерттеушілер жауап беруі тиіс.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу