Солтүстік Қазақстан облысында мыңнан астам саяжайды су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында мыңнан астам саяжайды су басты

04.05.2018

Табиғаттың тосын мінезіне тосырқаудан қалған жұрт «мұндай жағдай жылда қайталанады», - дейді. Былтыр да қала сыртындағы үй-жайларды су шайып, тұрғындар бақшасына ештеңе отырғыза алмаған. Ал, құтқарушылар болса, «саяжайды тұрғылықты мекендеп жатқан ешкім жоқ, сондықтан қауіп те жоқ», деп қол қусырып отыр.

Самат Сапаралы, тілші:

-Петропавлда Есіл өзені 10 метрге дейін көтеріліп, тұрғын үйлерді су баспағанымен, саяжайдың мыңнан астамы су астында қалды. «Бұл соңғы 4-5 жылдағы қалыпты жағдай»,- дейді тұрғындар. Сондықтан да саяжайшылар биылғы өз жұмыстарын көкөніс егуден емес, жылжымайтын мүліктерін жөндеуден бастамақ.

Есіл өзенінің бойындағы 1237 саяжайды қарғын су шайып кетті. Сондықтан, қала тұрғындары шаһар сыртындағы бақшаларына әупірімдеп жетуде. Саяжайына жете алмай жүргендердің бірі - Виктор Резинкин. «Жолдың 500 метрін су басқан, ал, кей жерлердегі тереңдік жарты метрге дейін жетеді»,- дейді ол. 

Виктор Резинкин, саяжай иесі, қала тұрғыны:

- Бүгін саяжайға келіп, жағдайды бақыламақ болдым. Алайда, көлікпен су кешіп 1 шақырымдай жүрген соң көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің жоғалғанын байқадым. Енді іздеп жүрмін.

Михаил Андреев, саяжай иесі, қала тұрғыны:

- Былтыр тасқын саяжайдағы үйіміздің төбесіне жетпей қалып еді. Сыз тартқан қабырғаларын жөндеп, сырладық, терезелерін ауыстырдық. Бірақ, көкөніс отырғыза алмадық. Биыл жағдай жақсы, кеше барып көрдім. Бақшаға су кіргенімен, үйге жетпепті.

«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, Есіл өзенінің ең жоғары деңгейі кеше тіркелді, 10 метр 34 см-ге дейін су көтерілген. Ал, бүгін су біршама төмендеді.

Асхат Ержанов, СҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Екінші күннен бері Петропавл қаласының маңында Есіл өзенінің суы тартылуда. Сондықтан да облыс тұрғындарына ешқандай да қауіп төніп тұрған жоқ. Келесі аптада жағдай тұрақталып, саяжайлардағы су кері қайтады. Негізінен биылғы тасқыннан Есіл өзенінің бойында орналасқан Былғары зауыты, Заречный және Мичурино кенті аумағындағы саяжайлар зардап шекті.

Саяжайы су астында қалған жұртқа қол ұшын созатын жергілікті билік жоқ. «Қала аумағынан тысқары орналасқандықтан, оларға көмектесуге міндетті емеспіз»,- деп әкімдіктегілер ат-тонын ала қашуда. Жылда табиғаттың тосын мінезінен зардап шегетін қарапайым жұртқа биыл да өз күштерімен әрекет етуге тура келеді.  

Самат САПАРАЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу