Ырыс алды ынтымақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ырыс алды ынтымақ

28.04.2018

«Жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері ұйып отырған Қазақ елі біздің ортақ Отанымыз». Бұл саны жағынан үшінші орынды иеленген Өзбек бауырларымыздың атынан сөз алған Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаевтың пікірі.

Аз уақытта 1 мамыр – біздің елде бірлік пен ынтымақтың символына айналып үлгерді. Ал, бірлік бар жерде тірліктің болатынын қазақ тегін айтпаған. Көпұлтты Қазақстанның берік бір қабырғасын қалап тұрған қауым ол өзбек бауырларымыз. Қазір Қазақстанда 600 мың өзбек өмір сүреді. Бұл дегеніңіз, бүтін бір Атырау облысында өмір сүретін халықтың санымен пара-пар.

Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев «Қазақ елі мыңдаған өзбектің Отаны» деп, ой түйді. Осы жерде бақытын тауып, үрім-бұтағын өрбіткен өзбек бауырларымыздың Алашқа айтар алғысы  шексіз.

Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Еліміздегі тыныштық, бейбітшілік дара саясаттың арқасы. Бұл арада ешқандай әңгіме болуы мүмкін емес. Бұдан артық бізге мысалы: еліміздегі барлық халықтарға бірдей жағдай жасалып, АНК құрылып, оның жұмысы қандай дәрежеде атқарылып жатқаны баршаға аян.

Бүгінде сан салада қызмет ететін бауырларымыз еліміздің өркендеуіне үлес қосып келеді. Мирдиер Махқамбаев оңтүстікте көпір құрылысына қажетті жарақтарды өндіретін кәсіпорын иесі. Қазірдің өзінде ондаған көпір салып, жергілікті халықтың батасын алған.

Мирдиор Махқамбаев, «ЖБИ-С» ЖШС жетекшісі:

- Сайрам, Бәйдібек, Төле би аудандарында көпір салдық. Қажетті темір, бетон заттарын өзіміз өндіреміз. Құдық қазған жол салғанмен бірдей деген нақыл бар. Міне, осы жолда шет елде алған білімді қолдануға тырысудамын.

Көпұлтты Қазақстан халқы үшін 1 мамыр мейрамының тарихи миссиясы мен саяси-идеологиялық маңызы ерекше. Себебі, баяғы таптық мейрам – қазір көптің ұлттық мерекесіне айналды. Бұл да болса, ешкімді алаламайтын Алаштың асыл қасиеті. Әрі биыл құрылғанына 26 жыл толған Халық Ассамблеясының алған асуы.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу