Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» атты жаңа жоба ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» атты жаңа жоба ұсынады

28.04.2018

«Елбасының бес әлеуметтік бастамасы - бірлік пен ынтымақтың берік тұғыры». Мемлекет басшысының қатысуымен өткен сессияға қатысушылар осылай деп ой білдірді. Биылғы шараға қатысушылар әлеуметтік бастамалардың оң нәтижесін сөз етіп, Елбасыға алғыс білдірді. Әсіресе, баспана, жатақхана жайы көбірек айтылды.

Жазира Досмағанбет, тілші:

- Тегі әртүрлі болса да, тілегі бір, қаны бөлек болғанмен, жаны бір. Қазақстанда тұратын түрлі ұлт пен ұлыстардың арман-мақсаты үндес. Ол – елдегі бірлікті сақтау. Татулықтың талбесігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының Елбасының іргелі істерін дамытуда  қосып келе жатқан үлесі зор. Елдегі тыныштық пен бейбітшілік, ынтымақ пен береке – соның нақты дәлелі. 

Оксананың ұлты орыс болғанымен, ойы қазақ, тілі қазақша. Қазақ тілін ана  тіліндей ардақтайды. Орамды да ойлы сөздерді оқығанды жаны сүйеді. «Қазақтың бас ақыны Абайдың өлеңдерін, Қара сөздерін жаттап, сөздік қорым байыды», деп отыр.

Оксана секілді дарынды, жүрегі қазақ деп соғатын талай бүлдіршінді тәрбиелеп, өнерлі ұядан ұшырған Наталья Романова. Ол бүгін Елбасы алдында алғашқы болып сөз сөйледі. Ұлағатты ұстаздар мен ардақты аналар атынан алғыс айтты. Елбасының 5 бастамасы әр оқушыға, әр ата-анаға үлкен серпін бергенін қуана жеткізді.

Наталья Романова, Шымкенттегі Оқушылар сарайының директоры:

- Ассамблея «Қазақтану» атты жаңа жоба ұсынады. Бұл бірегей жоба қазақ халқының мәдениеті, төл өнері, тарихынан хабар береді. Жалпы, ұлттық құндылықтары насихаттайды. Біздің ойшылдарымыз, философтарымыз, жазушыларымыз біздегі татулықты, Елбасының 5 бастамасын айтқаны дұрыс. Елдегі бейбітшілікті паш етсін. Әрдайым «Менің Қазақстаным» деп мақтанышпен айтып жүрейік.

Бүгінде еліміз бойынша 500 мыңға жуық студент бар. Олардың 140 мыңдайы Алматыда білім алады. Алып шаһарда оқитын 23 мың тәлімгерге жатақханадан орын қажет. Бұл мәселе Президент тапсырмасымен шешімін тауып келеді. Жоспарға сәйкес, 2020 жылға дейін 20 жатақхана салу көзделіп отыр.

Президент жүктеген «7-20-25» бағдарламасы дер кезінде іске асып, халықтың баспанаға деген қажеттілігін толық өтейді. Елбасы алдында сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мұндай пәтерлердің кімге, қандай талалаптарға сүйеніп берілетіндігін баяндады. Жобаны арнайы құрылған «Баспана»  ипотекалық компаниясы іске асырады. Елбасы бастысы бағдарламаның қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуымен қатар, түсінікті, ұғынықты болуын тапсырды.

Бүгінгі сессияға Қазақстанды туған жерім, Отаным деп білетін, десе де, қызмет бабымен, түрлі себептермен шетелде жүрген қазақстандықтар қатысты. Соның бірі – қаламгер Сергей Лукьяненко. Оның бақытты балалық шағы Қазақ жерінде өтті. Әкесі орыс, анасы татар болғанымен, қазаққа жүрегі жақын.

Сергей Лукьяненко, жазушы /Ресей/:

- Қазақстан менің жүрек түкпірімде. Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы менің әр шығармамнан көрініс табады. Менің өмірден түйгенім – бірлігі бекем елдің болашағы баянды. Біртұтас халық бола білген мемлекеттің асар асуы алда. Мен бүгін қонақ ретінде шақырылдым. Әйтсе де, бұл менің Отаным деп білемін.

Қазақстанды туған жерім деп мақтанып, оны әлемге танытып жүрген талантты жанның бірі – Диаз Мусалимов. Бүгінде алып Американы бағындырған өнерпаз 1991 жылы Семейде дүниеге келген. Оқудағы үздік жетістіктері үшін Барак Обама атындағы шәкіртақыға ие болған. Қазір Нью-Йорк университетінің профессоры. Диаз әлемге әйгілі боксшы Головкиннің жекпе-жегінде қазақтың Әнұранын шырқап, талайдың таңдайын қақтырған.

Жазира ДОСМАҒАНБЕТ

 

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу