ҚХА кеңесінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХА кеңесінің отырысы өтті

27.04.2018

Бүгін Қазақстан халық Ассамблеясының кеңейтілген кеңесі өтті. Жиынның негізгі мақсаты - күні ертең өтетін 26-сессия қарсаңында қаралатын жұмыстарды пысықтау және өткен жылды қорытындылау. Кеңеске Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жылдан-жылға ұлыстардың ынтымағын арттырып, елдің бірлігіне жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық институттың мемлекетіміз үшін маңызы зор. Әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар, түрлі бағыттағы қақтығыстардың шекарасы жоқ. Қоғамдық бірліктің осалдығы мен босаңдығы үдей түссе, қауіптің де күш алары сөзсіз. Сол себепті, елдің бірлігі мен бекемдігі үшін Қазақстан халық Ассамблеясына түсер жүк жеңіл емес және алдағы жұмыс орасан. Жиынға қатысқандар осындай мазмұндағы өз ойларымен бөлісті. 

Ертеңгі Ассамблеяның сессиясына Президент, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді деп күтілуде. Сессия тақырыбы - «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры». Оған еліміздің барлық өңірінен делегаттар, Ассамблея ардагерлері, қоғамның барлық санатының өкілдері қатыспақ.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу