1 маусымнан бастап шетелдіктерге арналған электрондық  виза рәсімдеу жүйесі іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 маусымнан бастап шетелдіктерге арналған электрондық  виза рәсімдеу жүйесі іске қосылады

27.04.2018

Былтыр Көші-қон заңнамасын 110 мыңға жуық шетел азаматы бұзып, оның 13 мыңнан астамы сот шешімімен ел аумағынан шығарылды.

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев Алматыда өткен Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының отырысында айтты. Оның сөзінше, жыл сайын елімізге 5,5 млн. адам келеді. Олардың тең жартысы оқуға, жұмысқа және саяхаттап келсе, қалғаны транзит арқылы өзге елдерге өтеді. Алайда, көбісі көші-қон талаптарын ескере бермейді. Алқалы басқосуда осы заңсыз миграция - ұйымға мүше мемлекеттерге ортақ мәселе екендігі айтылды. Оны бірлесіп шешуде тараптар шекаралық бақылауды күшейту, құжат рәсімдеуді электрондық жүйеге ауыстыру сияқты ұсыныстарын жеткізді. Мысалы, елімізге инвесторлар мен туристерді тарту үшін 61 елдің азаматтарына визасыз кіруге рұқсат бар. Ал, 1 маусымнан бастап шетелдіктерге арналған электрондық  виза рәсімдеу жүйесі іске қосылады. 

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Бізде барлық мемлекеттің азаматтарын қамтитын консулдық қызмет жоқ. Бірақ, оған қажеттілік те бола қоймас. Өйткені, электрондық виза порталы арқылы шет ел азаматы тікелей еліміздің миграция қызметіне хабарласа алады. Өзі туралы толық ақпарат беріп, келу мақсатын айтады. Оны ақпараттық база арқылы тексереміз. Егер ешқандай шектеу болмаса, шекарадан өткіземіз. Яғни, оған мемлекетіміздің консулдық қызметіне баруына еш қажеті болмайды.

  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу