Астанада алаяққа алданған тұрғындар 8 жылдан бері ақшаларын қайтара алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада алаяққа алданған тұрғындар 8 жылдан бері ақшаларын қайтара алмай жүр

26.04.2018

«Жатақханадан бөлме сатып аламыз» деп үміттенген ондаған адам сан соғып қалды. Өз құқығын даулап жүрген ең белсенді 5 адамның ортақ алашағы - 3,5 млн. теңге. Олардан басқа 60-қа жуық астаналық тұрғын алданған. Солардың бірі - көпбалалы ана Алтынай Шошанова. Апатты үйі 2010 жылы сүрілген. Қылмыскер әйел алаяқтық әрекеттері үшін түрмеге отырып, жазасын өтеп шыққанымен, әлі күнге қарызын қайтармай жүр.

Әлия Исабекова, Астана қаласының тұрғыны:

- 2010 жылы «Из рук в руки» газетіндегі хабарландыру арқылы Гүлмира Сарбаевамен таныстым. 2011 жылы жатақханадан бөлме аламын деп, оған 5 мың доллар ақшамды бердім. Ал, ол бізді алдап кетті. Содан бері онымен соттасып жүрміз. Әділет департаментінің де табалдырығын тоздырдық. 2 жылда департаментте 4 басшы ауысты. Ешқандай нәтиже жоқ.

Қолдарына қолхаты мен қарыз алу келісімшарты бар тұрғындар алаяқ әйелді екі рет сотқа берген. Гүлмира Сарбаева 2012 жылы сот шешімімен алаяқтық қылмысы үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Түрмеден жазасын өтеп шыққанымен, қарызын қайтармайды. Алданған топ оның тұратынын жеріне барғанымен, үй әрдайым құлыптаулы. Жарнамаға қарағанда, ауладағы үй жалға берілетіні анық.

Зер Ілиясов, Астана қаласының тұрғыны:

 - Коттеджде тұрады. Бизнесі, жатақханасы, моншасы бар.

Осы іске жауапты мемлекеттік сот орындаушысы аяқастынан еңбек демалысына кетіпті. Әділет департаментінің мамандары шағымға қатысты жауапты бір-біріне сілтеп отыр. Ал, тәуелсіз заңгер «алаяқтардың көбеюі заңның осалдығынан»,- дейді. Алданған азаматтардың құқығын қорғау үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керек.

Жандос Тұяқов, заңгер:

- Бұл кісілер неге сеніп отыр? Өйткені, қолдарында қолхат болды, қарыз алу келісімшарты бар. Соған сенді. Қазір алаяқтық көбейіп кетті. Неге? Себебі, олар жазасыз жүретінін біледі. Қарыз алып, қайтармаған азаматтарға жазаны күшейтсе,  жетістікке жетеміз деп ойлаймын.

Шарасыз топ енді «Нұр Отан» партиясы арқылы Әділет министрінің қабылдауына жазылды. Соңғы сегіз жылда осымен үшінші министрге жүгінбек.

Рахат Ерманов, Астана қаласының тұрғыны:

- Мыңдаған адам осындай күйге түсіп жүр. Айналып келгенде далада қалып отырмыз.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу