Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған талдықорғандық қос Александр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған талдықорғандық қос Александр

25.04.2018

Жетісудың киелі топырағы - көптеген ұлыс өкілдерін құшағына алып, кең даласы сенімді панасына айналған құт мекен. Бүгінде Алматы облысында 100-ден астам ұлыс өкілі тұрып жатыр. Арасында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтап, салт-дәстүрін ұстанып, қазақы болмыспен өмір сүріп жатқандары да бар. Мәселен, талдықорғандық қос Александр. Бірі қазақ жылқыларын асырап, Қамбар ата төлінің жаңа түрін шығарып жатса, енді бірі қазақ күресімен кәсіби түрде айналысатын палуан. Екеуінің де жетістіктері аз емес.

Александр Софиннің қазақ жылқысын өсіріп жатқанына 18 жыл. Қазір Қамбар ата төлінің жаңа түрін сұрыптап шығарып жатқан жайы бар. Кезінде қазақ хандары мен билері тек ақ жылқы мінген. Ал, ақ түсті жылқы табиғатта сирек кездеседі. Александр шегір көзді ақ тұлпарларды көбейтіп ғылыми тұрғыда бекітіп алу жолын қарастырып жатыр.

Александр Софин, жылқышы:

- Қазақ жылқысының мәдени-көпшілік шараларға арналған типін шығарып алғым келеді. Қазақ жылқысы тек ет үшін ғана емес, сымбаттылығы үшін де құнды болғанын қалаймын. Әлемдік брендке айналып, араб, түрікмен, ағылшын жылқыларымен бәсекелес болатын жағдайға жеткізгім келеді.

Қазақ жылқыларын өсіріп отырған кәсіпкер болашақта осындай ақ түсті биелерді байлап, ақ биенің сүті деген брендпен қымыз өндіруді жоспарлап отыр. Себебі, Жетісу өңірінде ұлттық сусынымызға құмартқан өзге этнос өкілдері де көбейіп келеді.

Ал, Александр Касачев боз кілемде атой салған палуан. Оның қазақ күресімен айналысуына «Қазақстан барысы» додасы себеп болған. Дзюдомен айналысып жүрген полиция қызметкері үшін ұлттық спорттың қыр-сырын меңгеру қиынға соққан жоқ. Екі жыл қатарынан «Талдықорған бөрісі» атанып, үлкен додаға жолдама алды. Биыл да бағын сынап көрді. Бірақ, облыс орталығындағы ақтық додада Ұлан Рысқұлға есе жіберді. Екінші орын алса да, «Қазақстан барысы» турниріне қатысатын болды.

Александр Касачев, палуан:

- Былтыр қазақ күресінен 100 келі салмақта Қазақстан чемпионы атандым. Биыл Қазақстан кубогында 3-орын алдым. Көп жағдайда осы спорт түрінен жарыстарға жиі қатысамын. Қазақ күресі менің өмір салтымның бір бөлігіне айналды.

Талдықорғандық қос Александрдың жетістіктері елдегі береке-бірліктің жемісі. «Қазақтың қанына сіңген өнердің біздің бойымыздан табылуы туған жердің қуаты, өскен ортаның әсері», - дейді өздері.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу