Білікті зерттеуші Өмірсерік Қасенов туралы кітап басылып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білікті зерттеуші Өмірсерік Қасенов туралы кітап басылып шықты

24.04.2018

Еліміздегі алғашқы ақыл-ой орталығының бірінші жетекшісі туралы кітап басылып шықты. Өмірсерік Қасенов – сыртқы және ішкі саясатты ғылыми тұрғыда зерттеп, әлеуметтік-экономикалық жағдайға сапалы сараптама жасаған тұлға. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын қалыптастырып қана қоймай, халықаралық деңгейде беделін арттырған басшы болатын. Бүгінде оның келелі істерін жалғастырушы тәжірибелі топ жұмыс істейді.

Өмірсерік Қасеновты қатарластары қабырғалы қайраткер санаса, ізбасарлары үлгі тұтады. Өйткені, институт ашылған бойда бірден білікті кадрлар дайындауға ден қойды. Іргелі университеттер мен ғылым академиясы қызметкерлерін орталыққа тартып, сарапшылар тобын жасақтады. Еңбегі еш кетпеді. Институтта ядролық физика, экономика, синология, исламтану сияқты салаларда мамандар қалыптасты.

Слямжар Ахметжаров, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері:

- Өмірсерік Төлешұлы басшы болған кезде институттың құрылымы қалыптасып, барлық зерттеулер үш негізгі бағытта жүзеге асты. Біріншіден, сыртқы саясат, халықаралық қатынастар және қауіпсіздік. Екіншіден, ішкі саясат. Үшіншіден, әлеуметтік-экономикалық даму. Өмірсерік Төлешұлы салып кеткен жолды біз жас мамандар, сарапшылар жалғастыруға тырысамыз. Ол үлкен абырой және міндет.

«Өмірсерік Қасенов алғашқы ақыл-ой орталығының бірінші жетекшісі». Жаңа кітап осылай аталады. Атауы аңғартып тұрғандай, бас кейіпкердің өнегелі өмірі мен ізденіс-зерттеулері, конференцияларда сөйлеген сөздері және ол туралы халықаралық сарапшылардың пікірі берілген. Оқулық жоғарғы оқу орындары мен министрліктерге таратылатын болады.

Институттың құрылғанына биыл - 25 жыл. Осы аралықта оның қызметі Қазақстанның қалыптасу тарихы мен Мемлекет басшысы есімімен тікелей байланысты. Халықаралық қарым-қатынасты терең талдап, ішкі және сыртқы саясатты саралау арқылы тосын жағдайларды болжайды, елдің даму бағытын айқындап отырады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу