Алматыда биылдың өзінде 342 адамды кене шаққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда биылдың өзінде 342 адамды кене шаққан

24.04.2018

Оның 176-сы 14 жасқа дейінгі балалар. Зардап шеккендердің барлығы дер кезінде иммуноглобулин қабылдаған соң тез жазылып шыққан. Сондықтан, мамандар мегаполисте кенеге қарсы зарарсыздандыру жұмыстарын бастады. Қазір дезинфекция жасаушылар шаһардағы саябақтар мен таулы аймақтарда зиянкестерге қарсы дәрі сеуіп жатыр.

Көктем келіп, күн жылыса жылда алматылықтарды кенелер мазалайды. Өйткені, бұл шаһар тау етегінде орналасқандықтан кене энцефалиті бойынша эндемиялық өңір саналады. Сондықтан, температура +5 градустан асқанда, мамандар химиялық зарарсыздандыру ісіне кіріседі.

Бекболат Өтегенов, қалалық дезинфекциялау орталығының бөлім басшысы:  

Кенеге қарсы шаралар 5 сәуірден басталды. Қала бойынша жылына екі тур болады. Қазір 1-ші тур.

Алматыда бүгінде 70-ке жуық ірілі-ұсақты саябақ пен орман арасындағы табиғи демалыс орыны бар. Биыл орталық қызметкерлері 2354 гектар жерді зарарсыздандырулары тиіс. Әзірге, оның жартысына жуығы қамтылған.

Амангелді Сейітхан, тілші:

- Бұл дезинфекторлардың қазіргі кездегі ең басты құралдарының бірі -  термогенератор. Мұның ішінде циперметрин дәрісі болады. Ол бензин арқылы жанып, ыстық түтін ауаға шашылады. Бұл құралдың басты тиімділігі,  алыс қашықтықты қамтиды және кенелерді бірден өлтіреді. Ал, ең бастысы адамдарға ешқандай зияны жоқ. Сондықтан, қоғамдық орындарда қолдана беруге болады.

Дезинфекторлар жұмысты мамырдың 7-не дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Себебі, күн қатты ыситын мамыр, маусым айларында кенеден келер қауіп көбейеді. Мысалы, еліміз бойынша былтыр 10 348 адамды кене шағып, соның салдарынан 35-і кене энцефалитіне, 12-сі кене боррелиозына шалдыққан.

Бибігүл Нұрғалиев, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:

- Жыл сайын 2000-нан астам адам кене шағудан зардап шегеді. Оның 50 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларды құрайды. Былтырғы жылы 2448 адамды кене шаққан. Оның барлығы дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, кенеге қарсы иммуноглобулин қабылдады.

Мамандардың сөзінше, кенеден қорғану үшін табиғат аясына шыққанда денені толық жауып тұратын, ашық түсті киім киіп, зиянкестерді үркітетін арнайы репелленттерді қолдану керек. Сондай-ақ, жылына бір рет вакцинация қабылдап, кене шаққан жағдайда үш күннен кешікпей міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу