Балқаш қаласының 80 жылдығына жергілікті кәсіпорындар тұрғындарға тарту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш қаласының 80 жылдығына жергілікті кәсіпорындар тұрғындарға тарту жасады

23.04.2018

Балқаш қаласының 80 жылдығына әрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті қос өндірістік кәсіпорын бірлесіп тұрғындарға тарту жасады. Компаниялар тарапынан 30 миллион теңге қаражат бөлініп, 5 бірдей спорттық жаттығу және ойын алаңдары салынды. Енді бұл аумақтар балалардың ғана емес, ересектердің де бой сергітіп, дене шынықтырумен айналысатын сүйікті орнына айналған. Компаниялардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберіндегі жұмыстары мұнымен шектелмейді. Мәселен, биыл қаланың Қоңырат ықшамауданын жаңғырту жоспарланған. Осыған орай, Қоңырат тұрғындары үшін кәсіпорындар демеушілігімен тағы 3 спорттық жаттығу және ойын алаңдары салынады. 

Павел Семенченко, кәсіпорын директоры:

- Біз мектептер мен интернаттарға, қарттарға, мүгедектерге, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетімдерге үнемі қолдау көрсетіп отырамыз. Әлеуметтік қолдауларды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар бойынша жұмыс істейміз. Мәселен, 2018 жылы балқаштықтарға шамамен 200 мың доллардың көмегін көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу