Петропавлда атышулы қылмыстық іске нүкте қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда атышулы қылмыстық іске нүкте қойылды

23.04.2018

Былтыр 28 шілде күні түнгі клубтардың бірінде екі азамат әлдебір мекеме күзетшісіне қарсы әуелі жұдырығын ала жүгіріп, одан соң тапаншадан оқ атқан. Жеңіл-желпі жарақат алған жәбірленуші ертеңіне әлгі баcбұзарлармен тағы кездеспек болған. Межелі жерге жеткен бойда қаруланған 3 жігіт 19 жастағы Ербол Хамитовтың аяғына оқ атып, дереу ізін суытқан. Жәбірленуші жігітті аман алып қалу үшін дәрігерлер оның аяғын кесуге мәжбүр болған. Көп кешікпей күдіктілер ұсталды. Сот оларға қатысты үкім шығарып, түрлі мерзімге жаза кесті

Дастан Ысмаилов, Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Сот шешіміне сәйкес, Абдуллов 5 жылға, Оразаев пен Мұқышев 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылады. 17 жастағы Оразовқа тағайындалған 6 жыл 1 ай жазасын кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық атқару мекемесінде өтейді. Ал, Сүлейменов 3 жыл мерзіміндегі жазасын пробациялық бақылауда өтейді.

Ғалия Алпысбаева, жәбірленушінің анасы:

- Сот үкімімен келіспеймін, менің балам аяғынан айырылды, ал, олар 3 жыл мен 6 жыл аралығында бостандығынан айырылып отыр. Ерболдың аяғын қайтара алмаймыз білем, бірақ, жақсы протез алып, спортқа қайта келуі үшін 10 млн. моральдік өтем сұраған едім, олар тек 3 млн. ғана беріп отыр. Онымен де келіспеймін.

Хабарламаларға жазылу