Қазығұрт ауданына қарасты 4 ауылға құбыр тартылса да жұрт табиғи отынның игілігін көре алмауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазығұрт ауданына қарасты 4 ауылға құбыр тартылса да жұрт табиғи отынның игілігін көре алмауда

20.04.2018

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданына қарасты 4 ауылға осыдан алты  жыл бұрын құбыр тартылса да, әлі күнге жұрт табиғи отынның игілігін көре алмай отыр. Өйткені, мердігер компания құрылыс жұмыстарын шала-шарпы істеген. Ең сорақысы, жобалау кезінде ауылға тартылған желі  магистральды құбырға жалғанбай, ұмыт қалған. Осылайша, қазынаның 1 миллиард 300 миллион теңгесіне салынған газ құбыры босқа тұр.

Қосағаштағы Ұланбаевтар отбасы табиғи газ келеді деп алғаш қамданғандардың бірі. Газ жүретін құбырды үйдің ішіне дейін тартқызып, газ плитасын, есептегішті, тіпті жылу қазандығын да орнатып қойған. Әйтсе де оның ешбірін әлі күнге пайдаланған емес.

Шәрипа Ұланбаева, ауыл тұрғыны:

- Бұл құбыр сән үшін тартылған. 6 жыл болды тұр. Күніміз өтіп жатыр газсыз-ақ.

Алтынтөбе ауыл әкімдігіне қарасты 4 ауылдағы жағдай осы. Тау етегіне жайғасқан 9 мыңнан астам тұрғын сол баяғы отын жарып, күл шығарудың машақатынан құтылмады. Ауылға газ құбыры тартыла бастағанда «алақайлап» қуанған жұрттың бүгінде сенімдеріне селкеу түсе бастаған.

Фархад Қарақұлов, ауыл тұрғыны:

- 2014 жылдан бері ремонт. Биыл аудан әкімі он күннің ішінде кіреді деген. Одан бері неше он күн өтті.

Бекайдар Қамбаров, ауыл тұрғыны:

- Менің үйімдегі құбырды тартқанына 5 жыл болды. Шетінен шіріп жатыр.

Елдің мұқтаждығы биліктің де есінен шыға бастаған сыңайлы. Бұл ауылдарда газ құрылысы 2012 жылы басталған. Жұмыс мерзімінде жылдам-ақ аяқталды. Бірақ, желіні магистральды құбырға жалғамақ болғанда әлі  бір жарым шақырым жетпей тұрғаны белгілі болды. Қазынадан 49 миллион теңге қайта бөлінді. Құбыр жалғанды. Бұрандасын енді аша бергенде, шұрық-тесік құбырлардан газ далаға атқыды. Кейіннен «ҚазТрансГаз» мекемесі тексере келгенде желінің бойында 162 кемшілік бары анықталған. Оның бәрі темірді дәнекерлеу кезінде жіберілген.

Тайбек Қалымбетов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары:

- Кемшіліктің 162-нің 77-і қалпына келтірілді. Құжаттарын, қалған кемшіліктерін толық қалпына келтіріп, мамыр айының соңына қарай елді мекенге газ береміз деп отыр.

Құрылыс былтыр мемлекеттік қабылдаудан өтіп қойған. Мердігер уәдесінде тұрса, қалпына келтіру жұмыстары енді бір айда толық аяқталмақ.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу