Елімізде қалалардың көркіне нұқсан келтірушілер көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қалалардың көркіне нұқсан келтірушілер көбейді

17.04.2018

Астанада ескерткіштерді қирату, архитектуралық композицияларды бүлдіру, аялдама тұрағы, демалыс орындары секілді инфрақұрылым нысандарын бұзу фактілері жиілеген. Вандализм деректері өңірлерде де өршіп тұр. Бұзақылар ұсталған жағдайда жазасыз қалмайды. Бірақ, сүйікті қаланың сиқын қашырмауға қарапайым азаматтар да қолұшын бере алады. Ол үшін не істеу керек?

Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштегі қола бала осымен екінші рет ұрланып отыр. Былтыр қолды болып, ұрылар ұсталмай, қайта жасалған еді. Биылғы көктемде тағы жоғалып кетті. Отан соғысында құрбан болған жауынгерлерге қойылған ескерткішке де маза жоқ. Бұл монументтен әлсін-әлсін жазулар жоғалады. Қалалық Ішкі істер департаменті тарихи орынды тас-талқан еткен тексізді тапқанын мәлімдеді.

София Қылышбекова, қалалық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Әріптерді ұрлаған 31 жастағы күдікті ұсталып, қазір қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы ұрлық бойынша іс қозғалды. Қомақты айыппұл салудан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал, мынау Қостанайдағы вандализм. Белгісіз біреулер жат жерде қаза тапқан ұшқыштардың бейітін қорлаған. Мәрмар тіреулерді қиратып кеткен.  Оралда да бұзақылар жаңа алаңдағы Тәуелсіздік монументінің тақтайшаларын жұлып, жарық шамдарын істен шығарған. Ал,  Қызылордада «Сыр ана» монументінің сәулетінен сән кетті. Қала шетінде орналасқан демалыс орнын тентектер жиі бүлдіріп кетеді. Қазір екі өңірдегі мәдени нысандар қалпына келтіріліп жатыр. Астананың ең көрікті орны – «Бәйтерек» монументінің алаңы да оңып тұрған жоқ. Күндіз-түні күзетілсе де, қара күші бойына сыймай жүрген біреулер орындықты сындырып, жол сілтейтін көрсеткіштер мен ескерту тақтайшаларының быт-шытын шығарған. Алаңдағы шағын архитектуралық мүсіндер де бұзақылардың құрбанына айналған. Қызыл кітапқа енген киіктің құлағын жұлып, тұмсығын бұзған. Бұланның мүйізі, бөрінің басы да сау емес.

Осындай көрікті жерлердің сиқын қашырып, сәнін кетірген бұзақылармен сіз де күресе аласыз, қадірлі көрермен. Ол үшін бүлінген нысанды суретке түсіріп, Астана109 хэштегімен әлеуметтік желіге салыңыз немесе 109 нөмеріне қоңырау шалыңыз. Мамандар сол бойда сіздің шағымыңыз бойынша жедел әрекет етеді.

Алайда, бүлінген нысанды қалпына келтіру – өзекті мәселе. Әйнегі сынып, төбесі опырылған аялдамалар мен ұялы телефонды тегін қуатқа қосатын қондырғыны жаңарту үшін қыруар қаражат керек. Былтыр ЭКСПО кезінде осы ноу-хау ай сайын жөнделген екен. «Қазір бұл іске қаржы тапшы», - дейді әкімдіктегілер. Алайда, биыл Астананың 20 жылдығы екенін ескерсек, ажары қашқан мұндай нысандар елордаға абырой әпермесі анық.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу