Ақтөбелік оқушылар облыстың ірі кәсіпорындарына экскурсия жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік оқушылар облыстың ірі кәсіпорындарына экскурсия жасады

17.04.2018

«Өмірлік таңдау» республикалық жобасы аясында өндіріс ошақтарының жұмысымен танысып, еңбекші әулеттердің өкілдерімен кездесті.

«Өмірлік таңдау» бағдарламасы елімізде былтырдан бастап жүзеге асырылып келеді. Жоба қазақстандық оқушыларды кәсіптік білімге баулиды. «Ең бастысы, мектеп бітіруші жастарға жол сілтейді, дұрыс мамандық таңдауға қолдау көрсетеді», - дейді мамандар.

Дәулет Әждар, «Өмірлік таңдау» республикалық жобасының жетекші маманы:

- Жоба жалпы, екі кезеңді қамтиды. Яғни, арнайы кәсіби бағдарлау тренингтері және арнайы кәсіби экскурсия. Одан бөлек, бізде жоба аясында арнайы әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі.

Оқушылар өңірдегі Ақтөбе ферроқорытпа және Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытына барды. Онда балалар әр еңбеккерге артылған жауапкершілікке көз жеткізді. Автоматтандырылған жұмыс процесіне және жұмысшылардың жалақысына қызығушылық танытты.

Аружан Мұхаметжанова, оқушы:

- Бұл экскурсиядан зауыттың ішінде қандай қиыншылықтар болатынын, қандай жұмыс болатынын өз көзімізбен көрдік.

Жалпы, болашақ мамандарды отандық кәсіпорындарға тартып, білімді жастарды кедергісіз жұмысқа орналастыруды көздеген танымдық экскурсияның пайдасы мол. Осыдан бір ай бұрын жоба аясында ақтөбелік 60 маманға кәсіби бағдар берілді.

 

Арман ДОСМАҒАМБЕТОВ

 

Ақтөбе жаңалықтары

Хабарламаларға жазылу