СҚО-да ұн үгу комбинаты жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да ұн үгу комбинаты жабылуы мүмкін

13.04.2018

«Елімізде ұн шығаратын ірі комбинаттар жабылып қалуы ықтимал». Солтүстіктегі кәсіпорын иелері осылай деп дабыл қағуда. Себебі, осыған дейін қазақтың астығын сатып алып келген Ауғанстан мемлекеті сұранысты күрт азайтқан. Олар енді өзбектің арзан өнімін тасымалдауда. Мәселе жуық арада шешіле қоймаса, кірісінен шығысы көбейген кәсіпорындарға жұмысшыларды қысқартуға тура келеді.

Тимирязев комбинаты тәулігіне 1200 тонна ұн шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Қазір 150 адам жұмыс істейді. Алайда, көп ұзамай мұндағылардың жұмыссыз қалуы ғажап емес. Өйткені, отандық комбинаттардың алдын орап кеткен өзбек елі бізге қарағанда өнімді әлдеқайда арзан пұлдауға көшті. Олар өз кәсіпкерлері үшін акциз құнын түсіріп, нарықтағы бәсін асырып отыр.

Жасұлан Ахмедьяров, «Тимирязев ұн үгу комбинаты» ЖШС директорының орынбасары:

- Өзбекстандық кәсіпкерлер үшін тасымал құны, салық, электр энергиясы төмен, сәйкесінше, жұмысшыларының жалақысы да төмен. Сондықтан да, олардың ұны біздікіне қарағанда 30 долларға арзан болып отыр. Біздің басты тұтынушымыз Ауғанстанға да арзан жерден алған ыңғайлы. Біз бағаны түсірер болсақ, еңбегіміз ақталмайды, шығынға батамыз. Жағдай дұрысталмаса, мамыр айына дейін комбинат жабылады, 150 адам жұмыссыз қалады.

Кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын төлеу үшін жақында 15 вагон ұнды көрші елдің бағасымен жөнелткен. Қоймада өтпей тұрған 25 вагон ұн тағы бар.

Былтыр СҚО 5 млн. 417 мың тонна астық жинап рекорд орнатқан еді. Алайда, күздігүні бидайдың нарықтағы бағасы құлап, диқандар біраз шығынға батты. Ал, ендігі кезек ұн өндіретін компанияларда секілді. Былтыр жергілікті кәсіпкерлер 221 мың тонна ұнды экспорттаса, биыл қаңтар айында небәрі 30 мың тоннасы ғана шекара асқан.

Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде екінші орында. Жылына 2,3 млн. тонна ұнды шетел асырады. Қазақ ұнын импорттаушы негізгі елдер Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай мемлекеттері. Оның ішінде экспорттың 67 пайызы - Ауған еліне тиесілі. Қазір тиісті ведомство сыртқы сауданың көлемін арттыруға басымдық беруде.

Мейірман Жұмағұлов, ҚР АШМ Қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы өнім нарықтары департаментінің сарапшысы:

- Өзбекстанның ұны мен бидайы Қазақстанның өнімімен бәсекеде бола алмайды. Үкіметпен қазіргі кезде экспортты үлкейту мақсатында үлкен жұмыстар атқарылуда. Қазіргі кезде Өзбекстан тарапымен келіссөздер жүргізілуде, акциздік салықты 15 пайыздан, 0 пайызға төмендеуі және Келес – Голоба темір жолы арқылы ұнды тасымалдау бойынша Қазақстан темір жолы Өзбекстан тарапымен келіссөздер жүргізіліп, жеңілдіктер бойынша нәтижелер бар.

Соңғы мәліметтер бойынша Өзбекстанға тасымалданған өнім көлемі 1 млн. 600 мың тоннаға дейін азайған. Егер бұлай жалғаса берсе, Ауған еліне жеткізілетін ұн 400 мың тоннаға кемуі мүмкін. Бұл елдегі ондаған диірменнің жабылуына әкеп соқтырады. Сол себепті, отандық комбинаттар үшін жаңа нарықты іздеуге тура келеді.

 

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу