Шаруалар шағымы: көгілдір отын қымбат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар шағымы: көгілдір отын қымбат

11.04.2018

Доллардың күрт өсуіне байланысты дизельдің да бағасы шарықтады. Мәселен, өткен айда ғана жанармайдың 1 литрі 156  теңге еді. Осы айда 161 теңгеге өскен. Алдағы екі-үш айда қалай боларын да ешкім нақты болжап айта алмайды. Бұл енді ғана көктемгі маусымдық жұмыстарына кіріскен шаруаларды шаш етектен шығынға батырмақ. 

Фермерлер одағына шағымданған кәсіпкерлер шаруасын кеше-бүгін бастағандар емес. Олар жылдар бойы ақ адал маңдай терімен кәсібін дөңгелетіп, елімізді отандық өніммен қамтамасыз етіп отырған жандар. Айтуларынша, шаруашылық жұмыстарының 20-30 пайыз шығынын жанар-жағармай құрайды. Алайда, бағаның тұрақсыздығы көп жұмысқа қолбайлау. 2015-2016 жылы ғана литрі 87 теңге болған дизель отыны өткен жылы 133-ке бір-ақ көтерілді. Ал, биыл соңғы екі айдың өзінде бағаның түсетін түрі жоқ.

Жанармай бағасы – 1 литр:

2015 жылы -87 теңге

2016 жылы – 87 теңге

2017 жылы – 133 теңге

2018 жылы – 156 теңге (наурыз)

2018 жылы – 161 (сәуір)

Әуезхан Даринов, Қазақстан фермерлер одағы РҚБ төрағасы:

- Наурызда бір баға, сәуірде мүлдем бөлек, маусым, тамызда қаншаға жететіні бәрімізге беймәлім. Олай болмау керек. Астық жинай алмай қаламыз мына түрімізбен. Баға алдағы екі-үш жылда тұрақты болу керек. Сонда ғана фермерлер кіріс-шығысын дұрыс есептей алады. Сенат, Мәжіліс, партия өкілдері бізді жинап, алдымызда есеп берсін. Түсіндірсін, бағаның неге өсіп жатқанын. Әлде, алдарына барып көз жасымызды ағызайық па?

Биыл көктемгі маусымдық жұмыстарына мемлекеттен 375 мың тонна дизель отыны бөлінген. Алайда, фермерлер одағы мұның жеткіліксіз екенін айтады. Жылына 4 млн. гектардан дән себетін Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы сынды астықты аймақтарға арзан жанармай өте қажет. Бірақ, олар баға тұрақсыздығынан сапасыз тұқым алуға мәжбүр. Кіріс көлеміне де күдікпен қарайды. Ал, Энергетика министрі шаруалар шағымына қарама-қайшы жауап берді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Бензин тапшылығы жоқ. Керісінше, бензин бағасы түсуі мүмкін. Себебі, қазір артығымен бар.

Жүре жауап берген министр фермерлердің жазбаша хатына да мардымды жауап жаза алмаған  көрінеді. Негізсіз шарықтаған бағаның себебін тек нарық жағдайына байланысты деп түсіндірген.  

Жанармай қымбаттаса, еңсесін енді көтеріп келе жатқан отандық өнімге де өз ықпалын тигізеді. Күнделікті тұтынатын наннан бастап, ет, сүт өнімдерінің де құны өзгерсе таң қалмаңыздар. Ашуға булыққан шаруалар одағы егер бұл мәселе оңтайлы шешілмесе, Елбасына тікелей хат жазамыз деп бекініп отыр. Өйткені, олардың алдында ауыл шаруашылығы саласын экономиканың драйверіне айналдыру керек деген үлкен міндеттер тұр.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу