Алматы облысында мал төлдету науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында мал төлдету науқаны басталды

06.04.2018

Биыл өңір шопандары сақманға 1,5 млн саулықпен кіріп отыр. Қазірдің өзінде оның 18 пайызы төлдеп, 300 мыңдай қозы алынды. Малшы қауымның нағыз қарбалас сәті енді басталады. Шопандар «қойым егізден қоздасын» деп тілесе, сақманшылар түн ұйқысын төрт бөліп алынған төлдің аман қалуы үшін жанталасады. Себебі, әрбір төл - ертеңгі күннің берекесі.

Қыстан аман шыққан шопандардың ендігі қарбаласы осы. Мал төлдету науқаны. Биыл «Шаңырақ» серіктестігі 5 мыңнан астам саулық қойдан төл алуды жоспарлап отыр. 9 отар 9 жерге топтастырылып, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бірер күнде жаппай төлдеу басталмақ. «Сол кезде күн райы дұрыс болса, төл де жылдам ширайды», - дейді аға шопан Бауыржан Жақыпов.

Бауыржан Жақыпов, аға шопан:

- Ауа райы қолайсыз болса, ең қиын кез сол. Күн жақсы, жайдары болып, қой қоздатуға жақсы мүмкіншіліктер болса, бізге де жақсы. Соған қуанамыз.

Шаруашылықтағы өзге түлік те төл бере бастады. Бие құлындап, сиыр бұзаулап, қой қоздап қора да, дала да абыр-сабыр. Серіктестік жылқының қазақы жабы тұқымын, ал сиырдың Әулиекөл тұқымын көбейтіп келеді.

Айбек Жаманқұлов, ферма меңгерушісі:

- 500 бастан аса жылқымыз бар. Жылқы да қазіргі уақытта құлындап жатыр. 200 бастың үстінде ірі қара мал бар. Ол жерде де төлдеу науқаны жүруде.

Шаруашылық Талдықорғандағы ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын оқу орындарымен тығыз байланыста. Мал төлдету науқанында студенттер тәжірибеден өтіп, білімін шыңдап тұрады. Биыл 20-ға жуық болашақ ветеринар келді. Үйренгендері өздеріне жақсы, шаруашылыққа да науқан барысында қосымша қол күші артық етпейді.

Бұл науқаннан кейін малшы қауымды қырықтық күтіп тұр. Қой қырыққаннан кейін шопандар жайлауға көшеді. Ол да қызығы мен қиындығы қатар жүретін тағы бір қарбалас сәт. 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу