Қазақстандықтар сауда ойын-сауық орталықтарына жасалатын тексеріске қатыса алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар сауда ойын-сауық орталықтарына жасалатын тексеріске қатыса алады

04.04.2018

Қазақстандықтар да көрші елдегі осындай қайғылы жағдайлардан кейін қоғамдық орындардағы өрт қауіпсіздігінің сапасына алаңдаулы. Астана қаласының әкімдігі шаһардағы барлық сауда ойын-сауық орталықтарын жоспардан тыс тексеруге бастама көтерді. Бұл шараларға қарапайым тұрғындар да қатыса алады.

Қарлығаш 3 жастағы қызын қыдыртқалы ойын-сауық орталығына келді. Баланың амандығы үшін мұндай ғимараттардың талапқа сай болуына қатты алаңдайды. Әсіресе, кинотеатрдағы есік пен құлыпты мұқият қарап көріп, қауіпсіздігіне көз жеткізді.

Қарлығаш Әбдіхалықова, қала тұрғыны:

- Сенбілік кештерде отбасымызбен бірге қыдырамыз. Сол кезде балаларымыз үшін қатты алаңдаймыз. Қосымша апатты есіктер ашық тұрса екен дейміз. Өрт сөндіру сигнализациялары дер кезінде қосылса дейміз. Балалардың қауіпсіздігі үшін өзім көз жеткізгім келеді. Барлық қауіпсіздік ережелері сақталған ба, есіктердің барлығы ашық тұр ма, жабық емес пе деген сияқты.

Астанадағы ойын-сауық орталығының қызметкері тек біз келгенде емес, апатты жағдайға арналған есіктердің барлығы былай күндері де ашық тұратынын айтады. Ғимаратта мұндай 7 эвакуациялық шығу жолы бар екен.

Артур Танташев, сауда ойын-сауық орталығы маркетинг бөлімінің басшысы:

- Міне, осы жерден бірден көшеге шығуға болады. Осындай эвакуациялық жолдар паркингте де бар. Оның саны да 7-еу. Жалпы, орталықта 3 кіру-шығу есігі бар.

Біле жүріңіз, сауда орталықтарындағы есіктердің барлығы да ашық болуы керек. Жол сілтегіштер, дабыл жүйесі, соның ішінде қолмен басылатын сигнализация, өрт сөндіру құралдары жәшігі, эвакуация жоспары әр қабатта көрсетілуі тиіс. Бірақ, барлық сауда орталығы талапқа сай келе бермейді.

Аягөз Фазылова, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- 2017 жылы Астана қаласы бойынша 21 нысанда тексеріс жүргізілді. Оның ішінде 45 орында өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы анықталды. 45 адам әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 2 млн-нан астам айыппұл салынды.

Ал, 2 сәуірден бастап бас қаладағы 105 сауда нысаны мен 228 білім беру ұйымына жоспардан тыс тексеріс жүргізілмек. Қазір хат жазылып, келісім жасалып жатыр. Ішкі істер министрінің орынбасары алдағы 3 айда елдегі барлық сауда ойын-сауық орталығы, базарлар тексерілетінін айтты.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Кез келген азамат, сонымен қоса, БАҚ өкілдері тексерістерге қатыса алады. Ол үшін төтенше жағдай мекемесінің арнайы сайтына өтініш беру керек. Сөйтіп, инспекторлардың жұмысымен, ғимарат иесінің де қауіпсіздік шараларымен таныса алады.

Бұдан бөлек, Төтенше жағдай комитетінің мамандары, Астана қаласының әкімдігі кинотеатрлар мен балалардың ойын алаңдары қазіргідей 3-ші қабатта емес, төменгі, бірінші қабатта орналасуы керек деген ұсыныс айтты. Бұл ойын-сауық нысандардың құрылысын жобалағанда ескерілуі тиіс. Өйткені, бала амандығы – ең бірінші кезектегі мәселе.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу