Наурыз мерекесі Парижде тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мерекесі Парижде тойланды

02.04.2018

Әз-Наурыз мейрамы әлі де жалғасуда. Ұлыстың ұлы мерекесін Франциядағы Қазақстан елшілігі Лувр алаңында бар сән-салтанатымен атап өтті. Тойға Францияның саясаткерлері, іскер азаматтары, Париждегі қазақ диаспорасы мен еліміздің сол елде білім алып жатқан студенттері қатысты.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Париждегі Лувр мұражайын көру көптің арманы. Ал, сол мұражайдың жанынан ақшаңқан киіз үй тігіп, Наурызды тойлау көпке бұйыра бермейтін бақыт. Осындай арнайы алаңын ұсынып, қазақтың мерекесін тойлауға рұқсатын берген Париж әкімшілігі мен Франция үкіметінің бұл қазақ халқына, Қазақстанға деген құрметі болса керек.

Париж аспанында қалықтаған Тамара Асардың әсем дауысын, қазақ музыкасын алыстан естіген халық Лувр алаңына ағылды. Көздің жауын алатын ұлттық киімдер, сахнадағы салт-дәстүрден көрініс көпшіліктің мерекеге деген қызығушылығын арттырды. «Сыйға-сый» жасап үйренген қазақ осы жолы кішкентай бүлдіршіннің тұсауын Париждің 1-ші округінің әкімі Жан-Франсуа Легареге кескізді. Мәртебелі мейман осылайша, қазақтың тағы бір салт-дәстүрінен хабардар болды.

Жан-Франсуа Легаре, Париждің 1-округінің мэрі:

- Мен Астанаға халықаралық «ЭКСПО» көрмесі кезінде бару бақытына ие болдым. Қазақстан - өз құндылықтары мен дәстүрін сақтай отырып, жаңашылдыққа ұмтылған мемлекет. Түрлі мәдениет пен діндердің тоғысқан елінде барлығының құқығы сақталып, сыйластықта өмір сүріп жатыр. Осындай мемлекетпен ынтымақты арттыру-біз үшін маңызды. Өз мәдениетін Парижде таныстырып жатқаны үшін Қазақстанға алғысымыз шексіз.

Жан Ғалиев, ҚР Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Біз бұл шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізуді жөн көрдік. Франция жұрты, Парижге келуші саяхатшылар біздің елімізбен жақынырақ танысып, менталитетімізді сезініп, болашаққа ұмтылысымызды көрсе, деген мақсатта ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі шара кезінде Қазақстанға барсам, елді өз көзіммен көрсем деушілердің қарасы көп екенін байқадық. Болашаққа айқын мақсаттар қойған еліміз дами берсін. Барша қазақстандықтар мен шеттегі қандастарымызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын.

Көпшілікті ұлық мерекемен құттықтауға көмеймен ән айтудың шебері Еділ Құсайынов та келді. Францияда оқитын қазақ жастары да ұлттық ән-күйден шашу шашты. Үні ерек қазақ музыкасы Париж жұртшылығының делебесін қоздырғаны сонша, халық «Қара жорғаға» қосылып билеп, домбырамен сүйемелденген француз әнін құйқылжыта орындады.

Бен Ламинь, Париж қаласының тұрғыны:

- Мен Қазақстанды жақсы көретіндердің бірімін. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қатты ұнайды. Өзім Қазақ елінде бірнеше мәрте болдым. Бүгінгі концертте сол байлықтың барлығын француздарға паш етіп, Қазақстанның мәдениеті дамыған, озық мемлекет екенін көрсеткендеріне қуаныштымын. Наурыз құтты болсын!

Ұлттық өнерге қаныққан Франция жұрты концерттен соң, мерекелік дастарханнан дәм татты. Наурыз көже ішіп, бауырсақ, құрт пен ірімшікке таласқан француздар келесі Наурызды енді асыға күтеді.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу