Елбасы Самарқанд қаласының мәдени-тарихи орындарын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Самарқанд қаласының мәдени-тарихи орындарын аралады

22.03.2018

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Самарқанд қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ахуалын жоғары бағалап, оларды әрі қарай дамыту жоспарын талқылады. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, өзара сауда айналымының ұлғайғаны, екі елдің бизнес қауымдастығы өкілдері арасында табысты байланыстар ілгерілеп келе жатқаны атап өтілді.

Бұдан бөлек, Самарқанд қаласына жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевпен бірге «Хазірет Қызыр» мемориалды кешеніне барып, Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтің рухына тағзым етті. Сондай-ақ, екі мемлекет халқына ортақ Наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен бірге Самарқанд қаласының бірқатар мәдени-тарихи орындарын аралап көрді.

Естеріңізге салайық, 15-наурызда Астандағы кездесуде Орта Азияның бес мемлекеті Наурыз мерекесіне орай бірлескен мәлімдеме жасап, көрші елдердің халықтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған болатын.

Хабарламаларға жазылу