Инвестициялар және даму министрлігі биыл Ұлыстың ұлы мейрамын ерекше атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инвестициялар және даму министрлігі биыл Ұлыстың ұлы мейрамын ерекше атап өтті

20.03.2018

Байқау түрінде ұйымдастырылған мерекелік шарада комитеттер мен департаменттер 10 топқа бөлініп, 10 елде Наурыздың қалай тойланатынын шағын қойылым арқылы жеткізді.

Елімізбен қоса, Түрікменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, Татарстан, Грузия, Қырғызстан елдерінің салт-дәстүрлері сахналанды. Әдемі киім, әсерлі ән, мың бұралған би де ұлық мейрамның сәнін келтіре түсті. Ең қызығы, инвестиция саласының қарапайым қызметкерлері әр елдің тілінде сөйлеп, мәдени құндылықтарын айнытпай жеткізе білді. Ғимаратта шағын киіз үй тігіп, ұлттық тағамдардың көрмесін де  ұмыт қалдырмаған. Мерекелік дастархан Наурыз көже, қазы-қарта, жал-жая сынды дәмі тіл үйірер тағамдармен көздің жауын алады. Осылайша, мұндағы мамандар Ұлыстың ұлы күнін дүркірете тойлап, Наурыз мейрамына деген сый-құрметтерін білдіруде. Ал, қай топтың жеңімпаз болғанын әділқазы ретінде арнайы сайланған Ассамблея мүшелері анықтайды. Бірақ, мұндағы қатысушылар үшін жеңіс маңызды емес.

Берік Уәли, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры:

- Бұл жалпы түркі халықтарының, парсы елдерінің, ұлттың ортақ төл мерекесі. Ұлттық идеологиямызға сайма-сай келіп тұр деуге болады. Барлығы жоғары көңіл-күйде мерекені атап өтіп жатыр. Наурыз мерекесімен құттықтаймыз.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу