Қарағандыдағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатында биыл Наурыз мейрамы ерекше тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыдағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатында биыл Наурыз мейрамы ерекше тойланды

20.03.2018

Ұлыстың ұлы күніне орай оқу ордасының ауласына киіз үйлер тігіліп, концерттік шара өтті. Сондай-ақ, ұмыт бола бастаған ұлттық салт-дәстүрімізге қатысты көріністер қойылды, спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Ұлыстың ұлы күніне орай мектеп ауласында 7 ақшаңқан киіз үй тігіліпті. Себебі, жеті саны қазақ үшін киелі саналады. Жалпы, шараның мазмұны осындай рухани құндылықтарға бай. Мұның барлығын мұғалімдер мен ата-аналар, оқушылар өз күштерімен ұйымдастырған.

Наурызды мектепте мұндай ауқымды деңгейде атап өту облыс аумағында бірінші рет. Мерекелік шара шәкірттердің зор қызығушылығын тудырды. 434 оқушы, ұстаздар мен ата-аналардың бірі қалмай атсалысты.

Мейірман Нығыметов, 10-сынып оқушысы:

- Халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет пен әдебиетін, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды қайтадан жаңғырту үшін жасап отырмыз.

Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттауға баса мән берілді. Көп алдында көне салттың бірі «Тоқымқағар» жасалды. Осылайша, биыл бес жасқа қараған балақай алғаш рет атқа мінді. Бұған қоса, оқушылар дайындаған концерт те қойылып, Наурыз туралы ән мен жыр төгілді.

Наурыз - Күн мен түн теңеліп, жер-ананың бауыры жіпсіп, тіршілік атаулының түлеген шағы. Бұл күні киіз үйлердің түрілген түндігінен Күн нұры төгіліп, іші думанға бөленді. Келіндер меймандарға 7 түрлі дәмнен дайындалған Наурыз көже мен қымыздан құйды. Жыл молшылыққа толы болсын деген ниетпен ұлттық тағамдарымыз түгел дастарханға қойылды.

Айдынғали Адамбай, ата-ана:

- Мүмкіндігіміз келгенше балалардың ұйымдастырған іс-шараларына қатысып тұрамыз. Әдемі қазақы киіз үйлер тігілді. Қазақы киімдегі әжелерімізді, балаларымызды көріп, қуанып жатырмыз. Көңіліміз марқайып қалды.

Ал, спорттық ойындар мереке көркін қыздыра түсті. Оқушылар арқан тартудан, кір тасын көтеруден сайысты. Бастауыш сынып балалары асық атып, өзара нағыз ептіні анықтады. Жеңімпаздар Алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды. Енді мектепте Наурызды жыл сайын осылай тойлау дәстүрге айналмақ.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу