Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының диқандары жыл сайын себілетін егіс түрлерін азайтып, оның орнына табысы мол дақыл түрлерін егуді қолға алды. Ауыл шаруашылығын әртараптандырудың тиімділігіне көз жеткізген шаруалар тамшылатып суару әдісімен 35 гектар жерге пияз егуге кірісті. Егістік алқап озық технологияға негізделген жаңа құралдардың көмегімен өңделіп, тұқым да тиімді тәсілмен егілуде. Соның арқасында шаруалар енді әр гектардан ең кемі 100 тоннаға дейін өнім жинамақ.
Трактордың артындағы мына тіркеме доминатор деп аталады. Ол жүріп бара жатып, бірден 3 түрлі жұмыс атқарады. Топырақты қопсытады. Тырмалап-үгітеді. Әрі арасын біркелкі етіп, тұқым тастауға ұяшық әзірлейді. Сондай-ақ, жүйекті бойлай тамшылатып суару түтікшесін тартып шығады.
Шекербек Оразов, агроном:
- Өнім осы техниканың арқасында бір мезгілде шығып, пісіп-жетілуі біркелкі болады.
Бұл жерлер ағын судың жетіспеуінен көбіне соқаның тісі тимей бос жататын. Өйткені, ойлы-қырлы және топырағы құмдауыт. Ылғалды ұстап тұру қиын. Енді алқап тамшылатып суарылатындықтан диқандар бұл қиындықтан құтылды. Сондай-ақ, жаңашыл әдіс диқандардың қол еңбегін мейілінше азайтты.
Юрий Ан, өндірістік кооператив төрағасы:
- Жаңа технологияның арқасында қазір әр гектарға бар болғаны 5 килограмм тұқым сеуіп жатырмыз. Бұл бұрынғымыздан бес есеге үнемді. Шығын азайған соң, қымбат болса да сапалы тұқым сатып алдық. Соның арқасында енді гектарынан мың центнерге дейін өнім жинауға болады. Яғни, 1,5 есеге көп.
Шардаралық диқандар биыл 60 мың гектар жерге егін екпек. Жылдағыдай үйреншікті болған мақта мен күріштің орнына жүгері, бұршақ тұқымдас дақылдар, көкөніс пен бақша отырғызуға қам жасап жатыр. Бүгінде егістіктің 80 пайызы жыртылып бітті.
Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі:
- Ауыспалы егіс арқылы былтыр 986 гектар жерге күріш егілсе, енді басқа жерге 1200 гектар, яғни, мақта егілген жерге күріш егу мүмкіндігі болып отыр. Одан тыс 11 мың гектар жоңышқалықтың 8 мыңына биыл бақша егілетін болады.
Шардарада өткен жылы 774 гектар жерге ауыл шаруашылығындағы тиімді тәсілдер қолданылды. Биыл мұндай алқаптың аумағы мың гектардан аспақ. Өйткені, жаңашылдық шаруаның еңбегін еселеп, табысын арттыра түсті.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ