«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысына барды

15.03.2018

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев металлургиялық комбинат жұмысшылары, Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенттері және оқытушыларымен кездесті.

Сондай-ақ, облыстың кәсіпкерлері және бизнес қауымдастығы өкілдерімен де жүздесіп, пікір алмасты. Бұдан бөлек, Қарағандыдағы бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Теміртау металлургиялық комбинатының өндірісі соңғы жылдары  жаңғыра түсті. ТМД елдерінде баламасы жоқ заманауи технологиялар қолданыста. 4 құю машинасы, 2 түйіршіктеу қондырғысы, 1 қалдық қоқысты қайта өңдеу кешені орналасқан. Бірнеше домна пеші жұмыс істеп тұр. Зауыт тәулігіне 14 мың тоннаға дейін шойын өндіреді. Осының бәрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Ұжыммен кездесуде талқыланған  Елбасының бес әлеуметтік бастамасы да еңбеккерлердің ерекше ықыласына ие болып отыр.

Құнанбай Хавалхан, металлург:

- Барлығы да халықтың көкейінде жүрген өткір мәселелер. Мысалы, табысы төмен азаматтар үшін салынатын салықтың көлемін азайту керек, - деді. Жалақысы 50-60 мың теңге ғана болатын азаматтар өте көп. Соларға үлкен көмек деп ойлаймын.

Өңірде индустриалды-өнеркәсіптік кешендерді қарқынды дамытумен қатар білікті маман даярлау ісі де – басты назарда. Жарты жыл бұрын «Жоғары колледж» атағын иеленген Теміртау политехникалық оқу орнында бүгінде «Серпін» бағдарламасымен елдің түкпір-түкпірінен келген жас түлектер білім алуда. Президенттің  «Бес әлеуметтік бастамасы» негізінде жастар үшін қосымша білім гранттары бөлінеді.

Еркін Сейсенов, студент:

- Жоба бойынша білім гранттарына ие болған студенттерге тегін жатақхана берілді және де осы оқу орнын бітіргеннен кейінгі жұмыспен қамту қарастырылған.

Түс ауа Мәулен Әшімбаев сандық технологияға көшкен жетекші өндіріс ошағы Қарағанды құю-машина жасау зауытына барды. Сондай-ақ,  облыстың кәсіпкерлері және бизнес-қауымдастық өкілдерімен де жүздесті. Әлеуметтік мекемелердің тыныс-тіршілігімен де танысты.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Біздің партиямыздың алдында тұрған мақсат - осы Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасын халыққа түсіндіру, ары қарай оның жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауға алу. Мысал үшін айтайын, ипотекаға байланысты ұсыныстары өзгеріп кетпей, банктер тарапынан пайыздары сақталып, халық «7-20-25» бағдарламасының игілігін көруі керек.

Өңірде тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Айталық, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 7 көпқабатты үйден тұратын жаңа шағын аудан салынуда. Келешекте ондағы пәтерлердің біразы «7-20-25» бағдарламасымен берілмек. Мәулен Әшімбаев сапар барысында партияның Қарағанды облыстық активімен де кездесіп, Президент жүктеген бастамаларды жүзеге  асыру  үшін нақты тапсырмалар берді.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу