Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқынының алдын алу шаралары атқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқынының алдын алу шаралары атқарылды

14.03.2018

Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқынының алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шаралар атқарылды. Жабай өзенінің қаланы жанай өтетін 9 шақырымдай бөлігінде құм-топырақтан үйілген бөгеннің іргесі бекітіліп, өзен арнасы құба талдан тазартылған. Жабай өзенінің екінші арнасы да қоқыстан аршылды. Қуаты секундына 40 текше метр қосымша су өткізу арнасы да әзір. Су қоймалары түгел бақылауда. «Биыл өңірде қар қалың емес, алайда, беті тоң болып қатып жатыр. Бұл еріген судың жерге сіңу барысын баяулатады, бірақ, босаңсуға болмайды», - дейді мамандар. 

Бірлік Қомбатыров, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары:

- 2017 жылы құм бөгеннің 6 жерін су шайып кеткен еді. Ол жерлер қалпына келтірілді. Қазір біз темір жол көпірінің жанында тұрмыз. Осы жерден қалаға судың басым бөлігі өтіп, 200 метрге дейін су шайып кеткен болатын. Көріп тұрғандарыңыздай, бөген қалпына келтіріліп, қосымша іргесі бекітілді. Бұдан бөлек, әр сенбіде өзен арнасын бұта текті өсімдіктерден тазартамыз. Бүгінге дейін Жабай өзенінен 40 жүк көлігі қоқыс пен тал шығарылды.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу