Еуропалық Одақ пен Орта Азия қарым-қатынасына - 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақ пен Орта Азия қарым-қатынасына - 25 жыл

22.02.2018

Еуропалық Одақ үшін Қазақстанның орны алабөтен. Орта Азия елдері ішіндегі ең ірі сауда әріптесі. Бірақ, тек энергия мен мұнай тасымалдап қоймай, ондағы нарықты зерттеп, тұтынушы қалауына қарай тауар түрлерін көбейткені дұрыс. Мұндай ұсыныс Еуроодақ пен Орта Азия қарым-қатынасының 25 жылдығы халықаралық конференциясында айтылды. Жалпы, ширек ғасырда қос тарап экономикада ғана емес, өзара әрекеттестік арқылы тұрақтылық пен гүлденуге де күш салып келеді.

Осыдан 4 жыл бұрын біздің елге 1 млрд. еуро бөлінген еді. Халықаралық ұйым қаражатын бизнесті көтеруге, индустриалды жобаларды жүзеге асыруға және шекара жағдайын жақсартуға бағыттады. Бұдан екі жақ та ұтты. Алайда, Орта Азияны тек транзиттік дәліз ретінде көрмей, басқа да салаларға қолдау таныту сұралды.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

 - Қазақстан әр елмен тең құқылы өзара тиімді байланыс орнатуға мүдделі. Экология, су ресурстары мәселелерін пысықтап, адам құқығы мен заң үстемдігін жүйелеуге ниетті. Сондай-ақ, цифрландыру аясында Одақ тарапынан өздерінің мол тәжірибесімен бөлісіп, озық сараптауларын көрсетсе дейміз.

Еуроодақ пен Орта Азия арасындағы сауданың үштен бір бөлігі елімізге тиесілі. Халықаралық ұйым инвестициясының 50 пайызы да Қазақстанға құйылады. Алайда, экономикалық табысты бұдан да ұлғайтуға болады. Ол үшін ортақ талапқа жауап беретін стандарт пен сапаны көтеріп, Еуропалық Одақтағы нарық сұранысын саралау керек.

Петер Буриан, Орталық Азия бойынша ЕО арнайы өкілі:

 - Бұған экономиканың құрылымы мен өнеркәсіптің аздығы тұсау. Сіздің еліңізде мұнайды игеру мен оның экспортына деген үлкен тәуелділік бар. Бірақ, одан арылу мақсатындағы оң бағыт та байқалады. Яғни, экономиканы әртараптандыруға қадамдар жасалып жатыр. Осы тұрғыда Еуропа Одағы өз тәжірибесімен бөлісетін болады.

Дипломаттар мен сарапшылардан құралған ұзын саны 150-ден астам делегат өзара қарым-қатынастың жаңа стратегиялық жоспарларын айқындады. Ортақ қауіпсіздік, сауда мен бизнес, гендерлік теңдік және адами әлеуетті дамыту сияқты тақырыптарға тоқталды. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу