Қызылордада көктайғақтың салдарынан автобус аударылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада көктайғақтың салдарынан автобус аударылды

21.02.2018

Көлікте болған 15 жолаушы жарақат алған. Ауа райының қолайсыздығынан бүгін бастауыш сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды. Өңірден Ақерке Берікбекқызы.

Бұл бейнежазба бүгін әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Шынында да, Қызылорда қаласында кеше осындай ауа райы орнады. Күтпеген сәтте жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа айналды.  Көлік қозғалысы қиындады. Жүргізуші тізгінге ие бола алмай қалып, аударылып кеткен автобустағы 15 адам жарақат алды. «Жоғары қысымды сұйытылған газбен жүретін қытайлық автобустың жарылуы да мүмкін еді», - дейді мамандар. 

Мейрамбек Доспенбетов, Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары:

- Біз келемін дегенше жолаушылардың барлығы өз күштерімен шығып, екі адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, жедел жәрдем қызметкері алып кеткен. Ал, біздің жұмыс - аккумуляторды тоқтан ажыратып, іштегі қауіпті заттарын алып беру.  Жарылыс болмас үшін алдын ала жұмыстар жүргізілді.

Әділет мұзға тайып құлап, бұғанасын сындырған. «Жазым аяқ асты» деген, енді ол ауруханада жатыр. Операция жасалды, жағдайы қазір бір қалыпты. Жалпы, бір түнде облыстық медициналық орталықта 78 адамға көмек көрсетілді. 

Нұрман Рахманұлы, дәрігер-травматолог:

- 10 науқас жатқызылды. 5 науқас травматология, 5-і нейрохирургия бөлімшесіне. Травматологиялық бөлімшеге жатқызылған екі науқасқа жедел операция жасалды, қалған үш науқас бүгін толық тексеріліп, операцияға дайындалуда. Науқастардың көптігіне байланысты ОМО қабылдау бөлімшесіне қосымша кезекші дәрігерлер шақырылды.

Түнімен жауған қар ахуалды тіпті күрделендірді. Қызылорда-Жалағаш-Самара-Шымкент тас жолдары жабылды. Қаладағы коммуналдық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп  жатыр. 

Берік Сәрменбаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Түнгі үшке дейін 16 техника жұмылдырылды. Таңғы 5-6-дан бастап, қазіргі уақытта 180 адам қамтылып отыр. 44 арнайы техника, 336 тоннадай тұз. Жаяу жүргінші жолдарына да тазалау жұмыстары жүріп жатыр.

Кеше түнде жабылған «Қызылорда-Жалағаш»-«Самара-Шымкент» жолдары бүгін таңертең ашылды. Себебі, күн енді жылынып, қалың қар қайтадан еріп жатыр.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу